Қазақстан полиэтилен пакеттерден қашан бас тартады

Саржан Саят есімді портал қолданушысы «дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, полиэтилен пакеттерден неге бас тартпаймыз» деп министрге сұрақ қойған.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінде ел нарығында полимерлік қамтама өндірісімен айналысатын 50-ден аса компания бар екен. Олардың көбі Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Шымкент қалаларында.
«Қазір, Инвестициялар және даму министрлігі полиэтиленді шектеу немесе оған тыйым салу мәселесін жан-жақты зерттеу үстінде. Оған көшуді бірнеше кезең арқылы іске асырған дұрыс.
1 кезең - полиэтилен пакеттердің тегін берілуіне тыйым салу. 2 кезең - полиэтилен пакеттердің сатылуына тыйым салу. Ұсынысты «Атамекен» ҚР ҰКП мен «KazWaste» мекемесінің қарауына жібердік», - деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.
Министр сондай ақ, елдегі тұрмыстық қалдықтармен айналысатын «KazWaste» мекемесінің жоғарыда айтылған бірінші кезеңді қолдайтынын, ал екіншісімен олардың келіспейтінін айтты. Себебі Қазақстанда полиэтилен пакеттер азық-түліктің гигиеналық талаптарын сақтап тұр, оған қоса полиэтилен өндірісінің арқасында қаншама қазақстандық жұмыспен қамтылған.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да «KazWaste» келтірген пікірмен санасқан, себебі аталған норма кәсіпкерлік шектеумен қатар жұмыссыз адамдар санын көбейтеді және бюджетте түсетін салық мөлшерін кемітеді.