Қазақстан Премьер-лигасы: Ел біріншілігі мәресіне жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 11 қарашада футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі мәресіне жетті. , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Премьер-лигасы: Ел біріншілігі мәресіне жетті

Бүгін ел біріншілігінде алты команда ойнады. Олардың барлығы бір уақытта басталды. Атап айтқанда, «Жетісу» мен «Ақжайық», «Тобыл» мен «Қызылжар», «Астана» мен «Ертіс», «Ақтөбе» мен «Қайсар», «Ордабасы» мен «Атырау», «Қайрат» пен «Шахтер» командалары өзара кездесті.

Қазақстан Премьер-лигасында үздік үштікке іліккендер бірер тур бұрын анықталып қойған еді. Есесіне, биыл бірінші лигаға түсетін екінші команда мен бірінші топта үшінші орын алған клубпен плей-офф ойынын өткізетін ұжым соңғы турға дейін анықтала қойған жоқ. Сондықтан алдымен сол командалар жайында тоқтала кеткеніміз артық болмас.

Оралдың «Ақжайығы» турнир кестесінде ең соңғы орынды иеленді. Олардың келер жылы бірінші лигада сынға түсетіні екі тур бұрын белгілі болды. Олар соңғы турда Талдықорғанда «Жетісу» командасымен кездесті. Алғашқы екі голды алаң иелері соқты. «Жетісу» сапынан 6-минутта Еркін Тапалов, 68-минутта Альмир Мухутдинов қанжығасын майласа, оған 80-минутта «Ақжайық» ойыншысы Малик Мане жауап қайырды. Қорытынды есепті талдықорғандық Сабырхан Ибраев 90-минутта белгіледі. Есеп - 3:1. «Жетісу» жеңіске жетті.

Төменгі топқа Петропавлдың «Қызылжары» да түсіп қалды. Үстіміздегі жылы ғана бірнеше жылдық үзілістен кейін қайта оралған «Қызылжар» доп додасы барысында тәп-тәуір ойын өрнегін көрсеткен еді. Соған қарамастан қажетті ұпай қорын толықтыра алмады. Соның салдарынан төменгі топқа түсті. Олар соңғы турда жеңіске жеткен жағдайда өз орнын сақтап қалар еді. Дегенмен олар Қостанайда «Тобылмен» кездесуде өз қақпасына жауапсыз үш гол жіберіп алды. Оны «Тобыл» сапынан 2-минутта Ника Квеквескири, 56-минутта Максим Федин, 83-минутта Нұрбол Жұмасқалиев соқты. «Тобылдан» 0:3 есебімен жеңілген «Қызылжар» төменгі топқа түсіп қалды.

Бірінші лигада үшінші орын алған командамен плей-офф ойынын Павлодардың «Ертісі» өткізетін болды. «Ертіс» соңғы турда сырт алаңда «Астанадан» 0:4 есебімен ойсырай жеңілді. «Астана» сапынан Марин Томасов 21, 64, 68 минутта хет-трик жасаса, оған 51-минутта Рангело Янга бір гол қосты. «Астана» екі күн бұрын Еуропа лигасы топтық кезеңінде қз алаңында Чехияның «Яблонецтен» 2:1 есебімен басым түскен еді. Енді «Ертіс» бірінші топта үшінші орын алған Шымкенттің «Қыран» командасымен шеберлік байқасады. Ол кездесулер 16 және 20 қараша күндері өтеді.

Қызылорданың «Қайсары» соңғы төрт турда бірде-бір ұпай шашау шығарған жоқ. Сондай-ақ, өз қақпасына гол соқтыра қоймады. Соңғы турда олар сырт алаңда «Ақтөбені» 2:0 есебімен тізе бүктірді. «Қайсар» сапынан 17, 35-минуттарда Игорь Зенькович гол соғып, өз командасына жеңіс сыйлады. Осының нәтижесінде «Қайсар» біріншілікті бестікте аяқтаса, «Ақтөбе» жетінші орынға сырғыды.

Алматыда «Қайрат» Қарағандының «Шахтерімен» 0:0 есебімен тең түсті. Аталмыш кездесуде есімі әлемге белгілі футболшы Андрей Аршавин алматылық клуб сапындағы соңғы ойынын өткізді. «Шахтер» тең нәтиженің арқасында сегізінші орынға көтеріліп, төменгі топқа түсіп қалу қаупінен құтылып кетті.

Шымкентте «Ордабасы» «Атырау» командасын 1:0 есебімен жеңді. Бұл гол 15-минутта Мерзад Механовичтің еншісіне жазылды. Шымкенттік клуб келер жылы еурокубок ойындарында сынға түсуі ықтимал. Қазақстан кубогында «Қайрат» пен «Атырау» шеберлік байқасады. Онда алматылықтар жеңіске жетсе, еурокубок ойындарының жолдамасы «Ордабасыға» беріледі. Ал кубок бәсекесінде «Атырау» жеңіске жетсе, жолдама атыраулық ұжымға бұйырады.

Қазақстан кубогының финалы 24 қарашада өтеді.