Қазақстан Премьер-лигасы: «Елімай» өз алаңында «Тобыл» командасынан басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХ турында семейлік «Елімай» командасы Қостанайдың «Тобылын» қапы қалдырды. 

Қазақстан Премьер-лигасы: «Елімай» турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді
Фото: Елімай ФК

Семейлік команда биыл жүлделі орынның біріне қол жеткізуді алдына мақсат етіп отыр. Сондықтан бүгінгі кездесуде олар үш ұпай алу үшін жеңіске жетуге ұмтылды. Қостанайлық команда да чемпиондыққа таласып жатқан ұжым болғаннан кейін сырт алаңда ұпай алып кетуді көздеді. 

Кездесудің 11-минутында «Елімай» сапынан Ислам Машуков гол соқса, 89-минутта Никита Корзун есепті үстемелей түсті. Ал, 94-минутта қостанайлық клубтан Ислам Чесноков мергендік танытып, мергендер көшінде бірінші орынға шықты. 

Кездесуде «Елімай» 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.

Аталған турдың өзге ойындары «Ақтөбе» мен «Жетісу» (Талдықорған), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Атырау» командалары арасында өтіп жатыр. 

Еске сала кетейік, 14 қыркүйекте елордалық «Жеңіс» Қызылорданың «Қайсарын» 1:0, «Астана» петропавлдық «Қызылжарды», түркістандық «Тұран» Қарағандының «Шахтерін» 2:1 есебімен жеңді. 

Соңғы жаңалықтар