Қазақстан Президенті қытай тілін қалай жетік меңгерген - Shanghai Observer

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға кезекті ресми сапарына байланысты қытайлық Shanghai Observer сайты мақала жариялады. Онда Қазақстан Президентінің қытай тілін жетік меңгергені баяндалған, деп хабарлайды Kazinform. 

Президент
Фото: www.akorda.kz

Тілші Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен Қасым-Жомарт Кемелұлына дәріс оқыған профессор Лю Шициньмен кездесіп, оны сөзге тартқан. Оның «Болашақ Президентке сабақ берген кезіңізде ерекше есіңізде қалған оқиғалар болды ма?» деген сауалына Лю Шицинь: 

- Ол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев 31 жаста, мен 44 жаста едім. Жайшылықта арамыз өте жақын болды деп айта алмаймын. Маған ерекше әсер еткен бір оқиға болды. Оқуды аяқтауға 5 апта қалған сәт, бірде видео-практикалық дәріс өтіп, барлығымыз бірге Янцзы туралы видеоны қарадық. Соңынан дикторлық стильде видеоға қайта дыбыс жаздырдым. Сонда оның «елге қайтып барғанда бұл әдісті ондағы ұстаздарыммен бөлісемін» деп мәз болғаны есімде. Ол үздік оқыды, сабақ үлгерімі туралы құжаттар әлі сақтаулы, көзбен көріп, ақиқатына жетулеріңізге болады, - деп жауап берді. 

Құжат
Фото: www.akorda.kz

Қытайлық БАҚ дайындаған видеода Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезіндегі мұрағаттық құжаттары мен ескі суреттері де көрсетілген. 

Фото
Фото:www.akorda.kz

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына 16 қазанда ресми сапармен барды. Қ.Тоқаев келесі күні бірқатар кездесу өткізді, соның ішінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.

Президент Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті.

Соңғы жаңалықтар