Қазақстан Президенті БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарымен кездесу өткізді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті.
Кездесуде Қазақстанның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасымен ынтымақтастығының негізгі бағыттары, сондай-ақ, Қазақстанда босқындар құқығын қорғауды қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Талқылау барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасына жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.
- Көші-қон мәселелерін реттеу Қазақстан үшін маңызды болып саналады. Осы жылдары біздің еліміз он бес мың босқынға баспана тауып берді. Біз Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы тарапынан осы бағыттағы Үкімет қызметіне жақсы баға бергені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Осы саладағы жұмыс өзекті күйінде қалуда, өйткені әлемде көші-қон үдерістері арта түсуде, босқындар саны жыл сайын ұлғайып келеді, - деді Мемлекет басшысы.
А.Гутерриш Қазақстан Үкіметіне БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасымен жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.
- Сіздің Қазақстанның саяси да, экономикалық та салалардағы көптеген халықаралық бастамаларын ілгерілетуге жеке зор үлес қосқаныңызды білеміз. Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, экологияны қорғау, қаржы дағдарысымен күрес саласында айтарлықтай табыстар бар. Бірқатар халықаралық форумдар мен конференциялар табысты өткізілді. Осы орайда Қазақстанның Алматыда БҰҰ орталығын құру туралы бастамасы да маңызды, - деді БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары.
Тараптар көші-қон үдерістерін тиімді басқару саласындағы, соның ішінде Қазақстан бастама ретінде көтерген «Алматы процесі» аясындағы ұсыныстарды іске асыру жолдарын да талқылады. Аталған шаралар біздің еліміздің көші-қон саясаты саласындағы орталық азия өңірі үшін модельді басқару ретінде қалыптасуына септігін тигізетін болады.