Қазақстан Президенті EXPO-қалашығы құрылысының капсуласын салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана EXPO-2017» көрме кешенінің құрылыс орнында капсула орнату рәсімі өтті.
None
None

Шараға ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қатысты.

Капсуланы орнатқан соң Елбасы көрме кешені құрылысының басталуына жол ашты. Оның жалпы аумағы - 174 га, мұнда аумағы бір миллион шаршы метрден астам болатын нысандар бой көтермек.

Ұлттық компанияның басшылығы Нұрсұлтан Назарбаевты көрме кешенінің құрылысы бойынша жұмыс кестесімен таныстырды. Негізгі құрылыс жұмыстары 2014 жылдың мамыры мен 2016 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Кешеннің шеберлік-жоспары «Альберт Шпир» неміс компаниясымен бірлесіп дайындалып, Қазақстан Президентінің қолдауына ие болды. Кешеннің көрме аймағына Қазақстанның ұлттық павильоны, тақырыптық және корпоративті павильондар, сауда, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналастырылады. Көрмеден тыс аймақта конференц-орталық, баспасөз орталығы, жабық қала, тұрғын үйлер мен қонақүйлер болады.

Көрме кешенінің нысандарына ақпараттық және коммуникациялық желілер мен технологияларды пайдаланатын электрмен жабдықтаудың жаңғыртылған жүйесін енгізу көзделген. Бұл тиімділікті, сенімділік пен экономикалық пайданы арттырып, өндіріс тұрақтылығы мен баламалы энергия көзін және қалалық электр желілерінен электр энергиясын таратуды қамтамасыз етеді.

Халықаралық көрмелер туралы конвенцияға сәйкес, Астанадағы EXPO-2017 көрмесі үш айға созылады - 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін өтеді. Шараға 100-ден астам мемлекет қатысады деп көзделген. Көрмеге кіру саны бес миллионға жуықтап, келушілердің қатары екі миллионнан асады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар
Референдум