Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Түркияға ресми сапармен барады - СІМ

Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
СІМ ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың айтуынша, Елбасы ресми сапары аясында Түркия Президенті Абдулла Гүлмен және Премьер-министрі Реджеп Ердоғанмен келіссөздер өткізетін болады. Онда тараптар соңғы 20 жыл ішіндегі Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығының негізгі даму бағыттарын, екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен болашағын, өзара тиімді экономикалық, ғылыми-мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін талқыға салады.
«Сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Премьер-министрі Реджеп Ердоғанның төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өткізіледі. Отырыс нәтижесі бойынша тараптар бірқатар екіжақты құжаттарға және Қазақстан мен Түркия Президенттерінің патронажымен «Жаңа синергия» атты Бірлескен экономикалық бағдарламаны жүзеге асыру жоспарына қол қояды деп күтілуде», - дейді ресми өкіл.
Сонымен қатар, 12 қазанда Ыстамбұлда екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум және қазақстандық және түрік эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өткізу көзделіп отыр.
Еске сала кетсек, Елбасының сапары дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуын атап өту мерекесі аясында өтуде. Осыған орай 3 қазаннан бастап Түркияда бірқатар маңызды мәдени-қоғамдық іс-шаралар кең көлемде өтуде.