Қазақстан Президентінің Қытайға ресми сапары: Алғашқы күннің қорытындысы

тоқаев қытайға сапар
Фото: Ақорда

Ақорда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапарының алғашқы күнінен видео жариялады, деп хабарлайды Кazinform.

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына ресми сапармен кеше барған болатын.

Бүгін, 17 қарашада Қ.Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. ҚХР Төрағасы өз шақыруын қабыл алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті. Осы келіссөз нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды.

ҚР Президенті Бейжіңде Әбу Насыр Әл-Фарабиге орнатылған бюстті салтанатты түрде ашты.

Кейін Қ.Тоқаев Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті. "40 жылдан кейін білім алған университетіме келіп, өзіңізді аман-сау көргеніме өте қуаныштымын. Мен сіздің еңбекқорлығыңызды, табандылығыңыз бен ерік-жігеріңізді ерекше бағалаймын. Сіздің шәкірттерге берген біліміңізге баға жетпейді", - деді Президент. Одан әрі Бейжің Тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр Әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен жүздесті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнді, YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяоны, CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдады.

Ал CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен әңгіме барысында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Қытайдың СRRC компаниясымен құны 1,3 млрд доллар болатын келісімге қол қоятыны белгілі болды.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесуде Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамып жатқаны туралы атап өтті.

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен әңгіме барысында ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағаны айтылды.

Қазақстан Президенті жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ІІІ форумына қатысатын делегация басшыларының құрметіне орай ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің атынан ұйымдастырылған ресми қабылдауға қатысты.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» форумының аясында бейресми жағдайда Индонезия Президенті Джоко Видодомен, Пәкістан Премьер-министрінің міндетін атқарушы Анвар-ул-Хак Какармен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен жүздесті.

Қ.Тоқаевтың ҚХР-ға сапары шеңберінде жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа, соның ішінде инвестициялық, сауда келісімдеріне, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу және тағы да басқа бағыттарды қамтитын келісімшарттарға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram