Қазақстан радиоактивті қалдықтарды басқаруда Швейцария тәжірибесін қолдануы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Швейцария атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр, деп хабарлайды ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі.
2026 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің делегациясы Швейцария Конфедерациясының Берн қаласында бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Делегация құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы елшілігінің өкілдері де кірді.
Сапар аясында Швейцария Федералдық энергетика басқармасының директоры Бенуа Ревамен (Benoît Revaz) кездесу өтті. Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ атом энергетикасын мемлекеттік реттеу және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды талқылады.
Халықаралық стандарттар мен Швейцарияның озық тәжірибесін ескере отырып, ядролық және радиациялық реттеудің ұлттық жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелеріне маманданған швейцариялық NAGRA компаниясының өкілдерімен жеке кездесу өтті. Тараптар Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен NAGRA арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Бұдан әрі ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен NAGRA арасында бұрын қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум негіз болды. Осы меморандум аясында радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған ынтымақтастықтың жол картасы әзірленді.
— Қазақстан тарапы радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи ұлттық жүйесін қалыптастыру басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, күшіне енді. Заң радиоактивті қалдықтардың түзілуінен бастап оларды жинау, қайта өңдеу, сақтау, тасымалдау және көмуге дейінгі кезеңдерді құқықтық реттеудің негізін қалыптастырады. Осыған байланысты ұлттық жобаларды іске асыру барысында Швейцарияның тәжірибесін зерделеу және халықаралық озық практикаларды қолдану ерекше маңызға ие, — делінген хабарламада.
Өткізілген кездесулер Қазақстан мен Швейцарияның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық қауіпсіздік және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу салаларындағы салалық диалог пен тәжірибе алмасуды одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Курчатов қаласында орналасқан. Орталық ядролық энергетика және қауіпсіздік салаларында ғылыми-зерттеу әлеуетіне ие. Орталық ИВГ.1М және ИГР зерттеу реакторларын пайдаланады, сондай-ақ реакторлар қауіпсіздігі мен материалтану бағыттарында зерттеулер жүргізеді.
Швейцариялық NAGRA компаниясы радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу, оның ішінде оларды түпкілікті көму бойынша шешімдер әзірлеуге маманданған. NAGRA-мен ынтымақтастық радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи ұлттық жүйесін қалыптастыру тұрғысынан Қазақстан үшін практикалық маңызға ие.
Бұған дейін Маңғыстаудағы радиоактивті қалдықтар нысандары бақылауға алынғанын жазғанбыз.