Қазақстан-Ресей шекарасында 270 көлік кептелісте тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысындағы «Қайрақ» халықаралық автомобиль өткізу бекетінде көлік ағынының артуына байланысты кезек пайда болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадан өту үшін шамамен 270 жүк және жеңіл көлік күтіп тұр.

Сотни автомобилей застряли в очереди на казахстанско-российской границе
Фото: Дарья Аверченко/ Kazinform

Бұл туралы Қостанай облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, көлік ағынының көбеюі маусымдық факторларға байланысты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау көлемі артқан. Сонымен қатар жазғы демалыс пен мектеп каникулы кезеңінде жолаушылар саны да көбейген.

«Өткізу бекетіне қосымша жүктеме басқа бағыттардан көлік ағындарының қайта бөлінуіне байланысты туындап отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадан өту үшін шамамен 270 жүк және жеңіл автокөлік кезекте тұр. Шекара қызметінің бөлімшелері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Шекара қызметінің мәліметінше, жүк көліктерінің уақытша жиналуы Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым», Ақтөбе облысындағы «Жайсан» және Павлодар облысындағы «Қосақ» өткізу бекеттерінде де байқалады.

Осыған байланысты бірқатар тасымалдаушылар бағыттарын өзгертіп, балама жолдарды, соның ішінде «Қайрақ» өткізу бекетін пайдалануға көшкен.

Ведомство өкілдері азаматтар мен көлік құралдарын өткізу белгіленген тәртіппен жүргізіліп жатқанын және өткізу бекетінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Қостанай облысында «Қайрақ» халықаралық өткізу бекетінен бөлек «Ақбалшық», «Убаған», «Аят», «Желқуар» және «Қоңдыбай» екіжақты автомобиль өткізу бекеттері жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында жеміс-көкөніс өнімдерін тасымалдау көлемінің маусымдық өсуіне байланысты жүк көліктерінің кезегі пайда болғаны хабарланған.