Қазақстан Ресей және Беларусьпен кедендік баж салығы бойынша өзгерісті қарастырады
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы келіп түсті.

Аталған заң жобасы Мәжіліске 2024 жылғы 4 тамызда Үкімет қаулысымен енгізілді.
«Кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу мен бөлу және оларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бюджеттеріне аудару тәртібі туралы хаттама Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық банктерінің қарсы міндеттемелерінің сомаларын аудару механизмін айқындайды. Сонымен бірге, 2022 жылдан бастап Ресей Федерациясы АҚШ долларындағы қарсы міндеттемелер бойынша есеп айырысуларды тоқтатты (ЕАЭО туралы шарт аясында). Бұл тұрғыда осы Хаттамаға уақытша механизмді анықтауға қатысты өзгерістер енгізіліп отыр. Оған сәйкес Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен есеп айырысу кезінде орталық банктер арасындағы қарсы міндеттемелердегі айырма сома ресейлік рубльмен аударылады», - деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева.
Оның айтуынша, аталған өзгерістерді енгізу ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бюджеттеріне кедендік бажды тұрақты аударуды қамтамасыз етеді.
«Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді депутат.