Қазақстан Ресейдегі су тасқынын ушықтырып отыр деген мәлімдеме ақылға сыйымсыз — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева Қазақстанның су қоймалары Ресейдегі су тасқыны жағдайына кері әсер етіп отыр деген мәлімдемеге жауап берді.

Мұның алдында Ресей президентінің Орал федералды округіндегі өкілетті өкілі Владимир Якушев Қазақстанның су қоймаларынан ағызылған су Ресейдің Қорған және Тюмен облыстарының алапат тасқынның астында қалуына алып келген бір фактор деген болатын.
Оның айтуынша, Қазақстаннан жіберілетін су Ресеймен ақылдасып қана іске асуға тиіс.
«Тобыл өзенінің бойындағы су Ресейден келеді. Тиісінше, су жіберу туралы шешім Ресей тарапынан келетін ағынға сай қабылданады. Сондықтан Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер етеді деп айту дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды», — дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Оның айтуынша, 2 сәуірден бастап Қазақстан жағы Ресей тарапына Тобыл өзені бойынша су өткізу жөніндегі шешімдер туралы ақпарат беріп отыр.
«Тараптар тәулік бойы су ағынының ұлғаюына немесе азаюына қарай мәлімет алмасады. Сол себепті кез келген келісілмеген әрекет туралы сөз жоқ. Қазақстандық тарап Ресей жағымен сыйластық, көршілік әріптестік рухында ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға, ақпарат алмасуға дайын», — деп түйіндеді ресми өкіл.
Еске сала кетейік, Ресейдің Орынбор өңірінде 12 мың үй су астында қалып, 7 мыңға тарта халық үйін тастап көшуге мәжбүр болды.