Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының комитеттеріндегі байқаушы мәртебесін алуға өтінішін тапсырды - ҚР Премьер-министрінің Францияға сапары

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат. Бүгін Парижде жұмыс сапарының аясында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
None
None

ЭЫДҰ Кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасының Ұйымның комитеттеріндегі байқаушы мәртебесін алуға өтінішін таныстырды.

Кәрім Мәсімов өз сөзінде, еліміздің ЭЫДҰ стандарттарын енгізуге және Ұйым комитеттерімен әрі қарай ынтымақтасуға деген талпынысын жеткізді.

«Жарты ғасыр бұрын, ЭЫДҰ құрылған кезде, Қазақстанның уақыт өте келе аталмыш Ұйымға өтініш беретінін ешкім білген жоқ. Тіпті 20 жыл бұрын да, біздің еліміз тәуелсіздік алған кезде, мұндай мақсат ешкімнің қаперінде болмады", - деп атап көрсетті К.Мәсімов.

Қазақстанның Премьер-Министрі, "соңғы 20 жылдың жеңіл болмағанын", бірақ бүгінде Президент Н.Назарбаевтың жетекшілігімен үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін атап көрсетті.

«Біз бұдан былай жаңа идеялар мен инвестицияларға ашық экономикамыз. Азаматтарымыздың бай әлеуетін барынша пайдалану үшін заманауи инфрақұрылымды және жоғары білікті білімді қамтыған әртарапты және инновациялық экономика құрылысына инвестиция салудамыз", - деп сендірді Қазақстанның Премьер-Министрі өз сөзінде.

«Бүгінгі таңда біздің жекеменшік секторымызда шағын және орта бизнестің 700 000-ға жуық кәсіпорны 2,5 млн. адамды жұмыспен қамтып отыр. ТМД елдерінің ішінен тек Ресей ғана жан басына шаққанда ең көп сыртқы инвестиция тартып отыр. Сондай-ақ елімізге тартылған 136 млрд. доллар инвестицияның жартысы соңғы төрт жылдың үлесі, бұл маңызды жайт», - деп атап көрсетті Кәрім Мәсімов.

Соңғы жиырма жылда Қазақстан экономикалық өсімін сақтады, жалпы ішкі өнімді жан басына шаққанда 12 есеге арттырды - 700-дей АҚШ долларынан 9 000 АҚШ долларына дейін жеткізді. Соңғы 10 жылда еліміз экономикасы тез дамыған әлем елдерінің ондығына кірді және қазір Дүниежүзілік банктің жіктелімі бойынша біз табысы орташа деңгейдегі ел болып табыламыз.

«Біздің экономикамыз әлемдегі тез дамушы экономикалардың бірі болып табылады, оның орташа өсімі жылына 8% құрайды», - деді Қазақстанның Премьер-Министрі өз сөзінде.

Кәрім Мәсімов Ұйымға қатысушы елдердің өкілдерін Қазақстан Үкіметінің ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығы туралы хабардар етті. Білім беруді жаңғыртудың мемлекеттік саясатында сарапшылардың ұсыныс-кеңестері ескерілді. Қазір Қазақстанда қолға алынып отырған инвесторларға арналған «бір терезе» қағидасы да ЭЫДҰ-ның үздік тәжірибесіне негізделген.

Қазіргі таңда ЭЫДҰ-мен серіктестікте жекеменшік сектордың, ұлттық экономиканың бәсеке қабілеттілігін дамыту, мемлекеттік органдардың транспаренттілігін және есеп берушілігін арттыру, сыбайлас жемқорлықты және оның себептерін еңсеру жөніндегі жұмыстар жалғасуда.

Маңыздысы сол, Қазақстан Республикасы ЭЫДҰ-ның Еуразиялық бәсеке қабілеттілігі бағдарламасының мүшесі болып табылады.

«Жарты ғасыр бұрын, ЭЫДҰ құрылған кезде, Қазақстанның тәуелсіз ел болатынын ешкім біле қойған жоқ. Жүйелі түрде жаңғырту үрдісін жүргізген Қазақстанның экономикасы жедел дамыған әлемнің үздік он елінің қатарынан көрінетінін де ешкім білген жоқ. Қазақстанның өкілі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының байқаушылары қатарына қосылатын күнді асыға күтеміз», - деді Кәрім Мәсімов.

Анықтама: ЭЫДҰ әлемнің Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Швейцария және т.б. ең дамыған 34 мемлекетінің басын қосып отырған ұйым. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60% Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесіне тиесілі.

Соңғы жаңалықтар