Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасының арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларацияға қол қойылды

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістан Республикасына мемлекеттік сапарының барысында Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасының арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. ҚазАқпарат осы құжаттың мәтінін ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап таратады.
None
None
1. Үндістан Республикасының Президенті Пратибха Девисингх Патилдың шақырумен 2009 жылғы 23-26 қаңтар кезеңінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан Республикасында мемлекеттік сапармен болды. Ол Үндістан Республикасы Күнін мерекелеуге Құрметті қонақ ретінде қатысады. Онымен бірге жоғары деңгейдегі делегация, сонымен қатар, бизнесмендер мен өнеркәсіпшілер тобы еріп жүр.2. Мемлекеттік сапар барысында Қазақстан Президенті Үндістан Президентімен келіссөздер өткізіп, Раштрапати Бхаванда Мемлекеттік банкетке қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Үндістанның Вице-президентін, Сыртқы істер министрін, Лок Сабхадағы (Парламенттің төменгі палатасы) оппозиция жетекшісін және Біріккен прогрессивті альянстың төрайымын қабылдады.3. Бұл мемлекеттік сапар Тараптардың екі жақты қатынастарды жоғарғы саяси деңгейде дамыту ниетін қайтадан растауға, өзара мүдделілік білдірілетін аймақтық және ғаламдық мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді. Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейі қанағаттанғандықпен атап өтілді, сондай-ақ екі жақты қатынастарды және ынтымақтастық салаларын әртараптандыруды одан әрі нығайтуға нық бейіл білдірілді. 4. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мумбайдағы лаңкестік әрекеттерді қатаң айыптап, халықаралық лаңкестікке қарсы күресте ғаламдық ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін тағы да атап өтті. Сондай-ақ, ол ғаламдық лаңкестікке қарсы Үндістанның күш-жігерін Қазақстан бекем қолдайтындығына сендірді. Тараптар осы жан түршігерлік қылмыстың айыпкерлері жуық арада сот әділдігіне берілетіндігіне үміт білдірді. Тараптар, сонымен қатар, БҰҰ шеңберінде халықаралық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі бәрін қамтитын Конвенцияны жедел қабылдауға шақырды.5. Үнді Тарапы Үндістанға азаматтық ядролық энергетика саласында халықаралық қауымдастықпен толыққанды ынтымақтастықты жаңарту мүмкіндігін беру туралы шешім қабылдаған Ядролық жабдықтаушылар тобының кездесуі барысында көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Үкіметіне алғысын білдірді. Тараптар бұл қадам азаматтық ядролық энергетика саласындағы, оның ішінде уран шығарудағы ынтымақтастық үшін елеулі мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Екі ел Үкіметтері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Үндістанның ядролық энергетикалық корпорациясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын құптап, Ядролық энергияны бейбіт мақсатқа пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді тез арада жасасуды қалайтындығын білдірді. 6. Екі ел Үкіметтері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және ONGC Mittal Energy Ltd. арасында келіссөздердің жемісті аяқталып, «Сәтбаев» учаскесіне қатысты қағидаттар туралы келісімге қол қойылуына қанағаттанғандығын білдірді, сондай-ақ жақын арада қолданыстағы заңнамаға сәйкес келісімшарт жасасу қажеттілігін атап өтті. Үнді Тарапы Үндістан өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақстанмен ынтымақтасуға зор маңыз беретіндігін мәлімдеп, аталған келісімге қол қойылуы көмірсутегі саласындағы ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастықтың бастамасы болатындығына үміт білдірді.7. Тараптар екі ел арасындағы сауда айналымы қолда бар әлеуеттен әлдеқайда төмен деген ортақ пікірге келді және бұл мәселені зерттеуді үкіметтерге тапсырды және коммерциялық кәсіпорындарды осыған атсалысуға шақырды. Өзара экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге мүмкіндік беретін өнімдер мен жобалар түрлерін анықтау мақсатында екі елдің үкіметтері мен негізгі сауда-өнеркәсіп палаталары белгілеген құрылымдарға бірлескен зерттеу жүргізу ұсынылды. Президент Н.Назарбаев Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі екі жақты келіссөздердің аяқталуы туралы Хаттамаға қол қойылуын құптап, осы мәселеде қолдау көрсеткені үшін Үндістан Үкіметіне алғысын білдірді. 8. Тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы қатынастардың өз тарихи тамыры барын атап өтті. Тараптар болашақта екі халыққа да ортақ тарихи және мәдени мұраларын алдыңғы қатарға шығаратын тиісті келісімдерге қол қою екі елдің өнер, ғылыми-талдау салаларының өкілдерімен және студенттермен алмасуға, сондай-ақ екі ел азаматтары арасында тікелей және тығыз байланыстар орнатуға жағдай жасайтындығына сенім білдірді. Тараптар, сонымен қатар, жақын арада Үндістанда Қазақстан күндерін және Қазақстанда Үндістан күндерін өткізу туралы шешім қабылдады.9. Мәдени және өркениетаралық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында Тараптар ортақ тарихи мұраны бірлесіп зерттеуге және Қазақстан мен Үндістандағы туристер баратын орындарды дамытуға мүдделілік танытты.10. 2008 жылғы сәуірдегі Үндістан Вице-президентінің Қазақстанға сапары кезіндегі келіссөздері барысында ауыл шаруашылығы ынтымақтастық үшін әлеуетті сала ретінде белгіленгенін назарға ала отырып, Тараптар аталмыш бағыттағы маңызды қадам ретінде екі елдің тиісті министрліктері арасындағы ауыл шаруашылығы және сабақтас салалардағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды қолдады. Тараптар ұсынылған келісімді іске асыру шеңберінде ғылыми-зерттеу саласында және Қазақстанда Орталық Азия өңірі үшін Аймақтық зерттеу мен даярлау орталығын құру мәселесінде өзара іс-қимыл мүмкіндігін зерттейді.11. Сондай-ақ Тараптар екі елдің құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастық дамытуға және бір-біріне қажетті қолғабыс пен қолдау көрсетуге бейілділігін көздейтін Ұстап беру туралы шартқа қол қоюды құптады.12. Тараптар ынтымақтастық салаларын әртараптандыруға қанағаттанғандығын білдірді және денсаулық сақтау мен медицина, ғылым мен технология, ғарыш қызметі, ақпараттық технология мен білім салаларында кооперацияны дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмысты атап өтті.13. Экономикалық байланыстарды жандандыру және Үндістанның елеулі тәжірибесі бар салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында, үнді Тарапы Қазақстанда газдың негізінде тыңайтқыштарды өндіру зауытын және кәсіпкерлікті дамыту орталығын құруды ұсынды. Бұл екі жобаның техника-экономикалық негіздемесін Үндістанның тиісті мекемелерінің кешіктірмей жасауы және аталған жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.14. Екі елдің Үкіметтері екі жақты ынтымақтастықтың қажетті деңгейге шығаратын және өзара ықпалдасудың жаңа бағыттарын айқындайтын институционалдық тетіктің жұмыс істеуіне қанағаттанғандығын білдірді. Тараптар сауда-экономикалық, сондай-ақ мәдени байланыстарды орнықтыруда және кеңейтуде Қазақстан-үндістан сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіп пен мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының рөлін жоғары бағалады. Екі елдің үкіметтеріне комиссия және бірлескен жұмыс топтарының отырыстарын жүйелі негізде өткізу тапсырылды. 15. Тараптар екі елдің қарым-қатынастары дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты және жаңа сапалы деңгейге көтерілді деген ортақ пікірге келді. Өзара ынтымақтастық үшін энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа бағыттардың молдығын, оны кеңейту үшін зор мүмкіндіктер бар екендігін сезіне отырып, Тараптар егемендік пен теңдік қағидаттарына негізделген стратегиялық әріптестік орнатуға және дамытуға келісті. Стратегиялық әріптестік саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, әскери-техникалық, лаңкестікке қарсы іс-қимыл тетігін, білім және адам ресурстарын дамытумен қоса барлық салалардағы кең ауқымды ынтымақтастықты дамытуды көздейді. 16. Үнді Тарапы Үндістанның Қазақстанға зор құрметпен қарайтындығын және республиканың айтарлықтай қысқа мерзім ішінде жан-жақты дамығандығын жоғары бағалайтынын білдірді. Үнді Тарапы Қазақстанның әлемдегі қазіргі жоғары мәртебесі, ең алдымен, Президент Н.Назарбаевтың көреген саясаты мен мемлекеттілікті дамытудағы берік ұстанымының нәтижесі болып табылатындығын атап өтті.17. Қазақстанның Президенті Үндістан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айтарлықтай табыстарын, оның бейбітшілікті, тұрақтылық пен халықтар арасындағы өзара түсіністіктің нығаюына бағытталған халықаралық сахнадағы белсенді саясатын, сондай-ақ Үндістанның күшейіп келе жатқан саяси, экономикалық және ғылыми әлеуетін Қазақстанның жоғары бағалайтындығы туралы хабардар етті. 18. Үнді тарапы Президент Н.Назарбаевтың қазіргі кезде Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдаудағы маңызды көпжақты форумға айналып отырған Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру туралы бастамасына жоғары баға берді. Үнді Тарапы Үндістанның осы үрдіске бейілділігін растады. Қазақстан тарапы Үндістанның Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысына қатысуын жоғары бағалайды. 19. Сондай-ақ, үнді Тарапы Қазақстанның Азия құрлығындағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған басқа да бастамаларын оң бағалады. Осыған орай Қазақстанды 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Төрағалығына сайлау оның жоғарғы мәртебесіне сай екендігі атап өтілді. 20. Тараптар халықаралық істерде БҰҰ-ның рөлін нығайтудың қажеттігін растайды және оны халықаралық қоғамдастық мүшелері арасындағы тең құқылы қатынастарды жүзеге асырудың, сондай-ақ әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудың әмбебап құралы ретінде қарастырады. Президент Н.Назарбаев Қазақстан Үндістанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде кандидатурасын қолдайтындығын тағы да растады. Тараптар БҰҰ және басқа да көпжақты форумдар шеңберлерінде бір-бірінің кандидатураларына өзара қолдау көрсетіп отыруға келісті.21. Сондай-ақ үнді тарапы АСЕАН Аймақтық форумы мүшелерінің санын кеңейтуді мүше мемлекеттер мақұлдаған жағдайда және ол іске асқан кезде аталған органға толыққанды мүше ретінде кіруге Қазақстанның кандидатурасын қолдайтындығын мәлімдейді. 22. Үнді тарапы бақылаушыларының рөлін кеңейту жөніндегі Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің шешімін құптады және өзінің ШЫҰ іс-шараларына белсенді қатысуға деген ниетін білдірді. Сонымен қатар Үндістан Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымның, ШЫҰ- Ауғанстан байланыс тобының және ШЫҰ Іскерлік кеңесінің қызметтеріне қатысуға қызығушылық білдірді.23. Тараптар ұлттық экономиканың дамуына кері әсер етіп отырған жаһандық қаржы-экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты алаңдаушылық білдірді. Тараптар әлемдік экономикалық дағдарыстан халықаралық қауымдастық барлық мүшелерінің келісілген іс-қимылдары арқылы ғана шығуға болады деген ортақ пікірге келді. 24. Мүдделерді өзара құрметтеуге, халықаралық қауымдастықтың барлық мүшелерінің ұлттық, діндік және мәдени дәстүрлері мен ерекшеліктеріне төзімділік танытуға негізделген жаңа жаһандық саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастырудың қажеттігі атап айтылды. Жаңа әлемдік тәртіптің тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға, әлемдегі жаппай тең құқықтылық пен ынтымақтастыққа жетуге мүмкіндік беретіні ерекше аталып өтті.25. Тараптар мемлекеттік сапардың қорытындысына қанағаттанғандығын білдіріп, осы іс-шараның екі ел арасындағы достық байланыстардың нығаюына оң үлесін қосқандығы жөнінде ортақ пікірге келді. Үндістан Президенті Президент Н.Назарбаевқа Республика күні мерекесіне қатысқандығы үшін зор ризашылығын білдірді, бұл Үндістанның Қазақстанмен қатынастарды дамытуға және Орталық Азия өңіріне зор мән беретіндігін көрсетеді. Сондай-ақ бұл қадам Үндістанның Республика ретінде өзінің 60 жылдығына кіріп жатқан сәтіне сай келеді. 26. Президент Н.Назарбаев өзіне және қазақстандық делегацияға көрсетілген жылы қабылдау мен қонақжайлылығы үшін Президент П.Патилге зор ризашылығын білдірді. 27. Президент Н.Назарбаев Үндістанның Президентін қолайлы мерзімде Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Шақыру ризашылықпен қабыл алынды.
Соңғы жаңалықтар