Қазақстан Республикасында 475 мың мүгедек бар - халықаралық семинар
Бұл туралы бүгін Астанада «Мүгедек әйелдердің репродуктивті құқықтары мен денсаулығы және тең мүмкіндіктері» тақырыбында өткен халықаралық семинар барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қызметтер департаментінің бас сарапшысы Жанагүл Ділжанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ж.Ділжанованың атап көрсеткеніндей, үстіміздегі жылғы шілденің 1-іне дейін республикадағы мүгедектердің саны 475 мың адамды құрады. 2008 жылдың сәйкес кезеңінде мүмкіндіктері шектеулі жандардың қатарына тағы 36 мың 681 адам қосылды. Оның ішіндегі 39 пайызы әйелдер болса, олардың 60 пайызы - қалалық және оның 82 пайызы еңбекке қабілетті.
«Мүгедектіктің алдын алу, мүгедектерді әлеуметтік қолдау және оларды сауықтыру Үкіметтің әлеуметтік саясатының басымдықтарға ие бағыттарына жатады. Үкіметтің қаулысымен қабылданған 2009-2011 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 27 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр», - деді ол.