Қазақстан Республикасында іздеуде жүрген ақтөбелік бизнесмен Уфада ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда іздеуде жүрген жалған кәсіпкер Махамбет Ерназаров жасанды төлқұжатпен Уфада ұсталды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА Башқұртстан астанасы прокуратурасына сілтеме жасап.

  Қазақстан Республикасында іздеуде жүрген ақтөбелік бизнесмен Уфада ұсталды

Уфада сот алдында 35 жастағы Қазақстан азаматы Махамбет Ерназаров жауап береді. Ол көрінеу жалған құжат пайдаланғаны үшін айыпталуда. Қазақстан Мемлекеттік кіріс департаменті Экономикалық тергеу қызметінің деректеріне сәйкес, Махамбет Абайұлы Ерназаров  мемлекетке ірі шығын әкелген жалған кәсіпкерлігі үшін іздеуде жүрген. Ол Ақтөбеде  «Инвест Холдинг Қазақстан» ЖШС басшысы болды. Ер адам тегін ауыстырып РФ азаматтығына жасанды төлқұжат алған.

Оған қылмыстық жауапкершіліктен қашу үшін жасанды құжат қажет болған. Осы жылы қазанда ол ЖҚҚ МИ қызметкерлеріне жалған төлқұжат ұсынған.

«Ерназаров қылмысын толықтай мойнына алды. Қазір шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығында, экстрадицияны күтуде», - делінген прокуратура хабарламасында.