«Қазақстан Республикасында жілік майын трансплантациялау және онкогематологиялық ауруларды емдеу перспективасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді

Аталған шараны өткізудің өзектілігі қазақстандық гематология практикасында халықаралық тәжірибені енгізу қажеттілігіне негізделеді. Алқалы жиынның негізгі мақсаты еліміздегі гематология саласында көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыру, республикадағы гематологиялық қызметке шетелдік әріптестердің назарын аудару, сонымен қатар мемлекет ауқымында халыққа халықаралық деңгейде гематологиялық көмек көрсету қажеттілігін өзектілендіру болып табылады.
Қан жүйесінің ауруы бүкіл әлемде денсаулық сақтау саласындағы негізгі проблемалардың бірі болып табылады. Қазақстанда жыл сайын лейкоз ауруына 1500-ден астам ересек адам шалдығып, 500-ден астам адам қаза табады.
Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі онкогематология мәселеріне ерекше назар аударуда. Атап айтқанда, 2009 жылдан бастап науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету айтарлықтай жақсарып, терапевтикалық бағдарламалардың заманауи бағыттарын қолдану мүмкіндігі пайда болды.
Дегенмен лейкоз ауруын емдеудің жоғары технологиялық әдісін, жілік майын трансплантациялау қажеттігі туындап отыр. Орта Азия өңірінде жілік майын трансплантациялау бойынша ота жасалған емес. Ал Ресейде аталған әдісті қолданатын 18 бөлімше жұмыс істейді.
Қазақстанда пациентің жілік майын аутологиялық трансплантациялау 2010 жылы 29 желтоқсанда елордадағы Қан орталығының қатысуымен Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығында жасалды.
Іс-шара аясында гематология саласында оқыту семинарлары мен шеберлік сабақтарын өткізу жоспарлануда. Конференция жұмысына гематология саласында жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.