14:09, 25 Мамыр 2010 | GMT +5
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Паоло Бартолоции бастаған Еуропарламент делегациясымен кездесті
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 9-шы мәжілісінің жұмысына қатысып жатқан Паоло Бартолоции бастаған Еуропарламент делегациясымен кездесті,
деп хабарлады Омбудсменнің баспасөз қызметінен.
А.Шәкіров делегацияны өз жұмысының негізгі бағыттарымен таныстырып, қазақстандық омбудсменнің қызметін үйлестіретін нормативтік-құқықтық базаларға тоқталып өтті.
Еуропалық парламентшілер адамның құқығы мен бостандығын қорғау саласындағы Қазақстанның саясатына жоғары баға берді және түрлі салалардағы қазақстан-еуропалық серіктестіктің, оның ішінде құқық қорғау саласындағы серіктестіктің даму қарқынын атап көрсетті.
Тараптар қалыптасқан сындарлы диалогқа қанағаттанарлық білдіріп, өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге және тәжірибе алмасуға дайын екендерін жеткізді.