Қазақстан Республикасының дәстүрлі діндерінің өкілдерінен өзге барлық шетел миссионерлерінің қызметіне тыйым салу керек - Алматыдағы баспасөз мәслихаты
Олардың айтуынша, ондай дәстүрлі емес діндер адамдардың өмірін күл-талқан етіп, тура жолдан адастырып, отбасын бұзуда, психологиялық әсермен қатар, күш көрсету арқылы құлдарға айналдыруда. «Одан да сұмдығы ол ағымдар адам психикасын бұзып, естен айырып, адамдарды қылмысқа итермелеуде», - дейді олар.
«Өкініштісі, жылдан-жылға бұл секталарға адамдар көп тартылуда. Ол секталар алдау-арбаудың түрлі тәсілдерімен өздеріне тартуда. Көбіне олар жасөспірімдер мен жастарды, қалтасы қалың кәсіпкерлерді, үйі-күйі, жағдайы бар адамдар мен жалғыз басты зейнеткерлерді ұйымға кіргізуге тырысады. Онда бір рет басын сұққан адам «гипноз бен олардың бізге беймәлім әсеріне ұшырап, жынды адам болып қалады». Олар өз пайдалары мен мүдделеріне, яғни қолында бар байлығын, пәтерін, ақшасын қауым үшін «құрбан етуге» мәжбүрлейді, құлдарға айналдырады, кейбірін тіпті өз-өзін асылып өлтіруге дейін апарады. Ессіздендіруге түскен адамдар соңғы ақшаларын, бар мүлкін беруде. Бұдан да сұмдығы, секталардағы жалған емшілер адамдарға ойларына келгенін жасап, ешкім білмейтін дәрілер мен қолдан жасалған тұнбаларды беруде. Әбден қолданғасын «Құдайға қажетің жоқ екен, бақытты болуға лайық емессің» деген сынды сөздерді айтып шығарып салады»,- дейді діни секталардан зардап шекендер.
«Мен Саентология шіркеуінің шырмауына 1998 жылы түстім. Оған тіпті менің отбасым да кірді. Қазірдің өзінде күйеуім сонда. Ол біздің үйге жинаған 18 мың долларымызды, барлық дүние-мүлкімізді салып, онымен қоймай сектаға қызымызды тартты. Оны енді жібермей отыр. Мен қызымды қалай шығарып алсам деп дал болудамын. Отбасымыздың бақытын ойран етіп, тағдырымыздың күл-талқанын шығарған бұл секталарды жою керек», - деді Саентология діни ұйымынан зардап шеккен Гүлшаһар Жақыпова.
«Біз «дәстүрлі емес» діндердің болу факторын ҚР зайырлы демократиялық мемлекет екендігін дәлелдейтін және әрбір азаматтың іс жүзінде сенім еркіндігіне ие екендігін білдіретіндігін жақсы білеміз. Бірақ, алаяқтық жасап, сенім арқылы ақша тауып, ел үкіметіне бағынбау мен заңдарды сақтамауға шақырып отырған, ел бірлігі мен татулығына іріткі салып отырған сектанттық және коммерциялық сипатқа ие бұл діни секталардың жұмыс жасауы дұрыс емес деп санаймыз. Оларға қатысты қатаң шаралар қолданылып, елден аластатылуы керек деп есептейміз. Ол үшін ең алдымен Қазақстан Республикасының дін және діни сенім бостандығы жөніндегі Заңына өзгерістер енгізілуі қажет», - дейді олар.
Зардап шеккендердің ортақ пікірі бойынша елімізде тек «дәстүрлі» діндер қалып, «дәстүрлі емес» жаңа діндер, батыс және шығыс діндері аластатылып, қызметтеріне тыйым салынуы керек.
Қазақстандағы бұл ұйымдардың артында кімдер тұр, олардың қызметін қаржыландырып, қолдау білдіріп келе жатқандар кімдер? Баспасөз мәслихатына қатысушылар неге Қазақстан азаматтарына қатысты алаяқтық пен зорлық-зомбылық көрсетуге тыйым салатын заңдарымыз «жұмыс істемейді» деген сұрақтарды алға қойып отыр.
Шара соңында олар мемлекет өз азаматтарын қорғап, қауіпсіз өмір мен азаматтық еркіндік сынды заңды құқықтарымыздың іске асуына көмектеседі деген үлкен үміттерін білдірді.