Қазақстан Республикасының тұрақтандыру саясаты: 2008 жылдың макроқорытындылары

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғандай, ақпанның 2-сінде өткен Үкімет мәжілісінде 2008 жылдың негізгі қорытындылары талқыланып, 2009 жылдың міндеттері анықталды.
None
None
ҚазАқпарат осы тақырып бойынша ақпараттық-анықтамалық материалды ұсынады. Үкіметтің 2008 жылғы басты міндеті - әлемдік дағдарыстың ел экономикасына тигізіп отырған теріс әсеріне қарсы тұру болды. Бәрімізге аян, Қазақстан АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың алғашқы салдарын 2007 жылдың қыркүйек айында сезген еді. Әлемдік рыноктардағы деструктивтік үрдістің ушығуы нәтижесінде, ұлттық экономиканы әлемдік дағдарыстың ығыттары мен қаупінен қорғау мәселесі күнтәртібіне қойылды. Осыған байланысты 2007 жылы қарашаның 6-сында Елбасының тапсырмасымен Үкімет бірінші тұрақтандырушы жобаны қабылдады: мемлекеттік бюджеттен 550 миллиард теңге бөлінді (4,6 миллиард доллар немесе елдің жалпы ішкі өнімінің 3,5 пайызы). Бұл жоспар 2007 жылдың қараша айынан бастап 2008 жылдың желтоқсан айы аралығында толығымен жүзеге асырылып бітті. Оның негізгі бағыты: құрылыс индустриясын қолдау, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау, мемлекеттік басқарудың әкімшілік, салық және бюджеттік салаларында құрылымдық экономикалық реформалар жүргізу болды. Біріншіден, Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің бірлескен іс-қимылымен ликвидтілік дефицитінің проблемасы жедел шешілді және Ұлттық банк жүйесінің алда күтіп тұрған сыртқы тәуекелдерге дайындық деңгейі қамтамасыз етілді. Екіншіден, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік тауарлары бағасының әрі қарай өсуіне жол бермеу үшін, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ағымдағы жылы 135 миллиард теңге бағытталып отыр. Үшіншіден, Үкімет үлестік құрылыстарға қатысушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қажетті шараларды қабылдады. 2007 жылдың күзінен бері үлесшілерді қолдауға 184,7 миллиардтан астам теңге жұмсалды. Төртіншіден, республикалық бюджеттен бөлінген 155 миллиард теңгедей сомаға жобаларды қаржыландыру жолымен, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілді. 2008 жылы Тұрақтандыру жоспарын жүзеге асыру барысында Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында талдап жасалған мына негізгі тетіктер қолданылды: 1. Атаулы әлеуметтік көмекке деген бюджеттің шығысы арттырылды, зейнетақы көбейтілді. 2008 жылы мемлекеттің әлеуметтік қамтамасыз етуге және әлеуметтік көмекке деген шығысы 2007 жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға өсті. 2. Халықтың банктердегі салымдары бойынша мемлекеттік кепілдеме 5 миллион теңгеге дейін арттырылды, бұл салымшылардың 99 пайызын қамтиды. 3. Ішкі міндеттемелер бойынша ең төменгі резервтік талаптар 5 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. 4. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған шығыстар көбейтілді. 5. Шағын және орта бизнесті қолдау арттырылды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 214,8 миллиард теңгені құрады. Әкімшілік кедергілерді жою және орта және шағын кәсіпкерлік үшін бизнес-климатты жақсарту жөніндегі шаралар қабылданды, осының барлығы республикадағы бизнес-ахуалға оң әсер етті, мұны Қазақстанның «Doing Business» Дүниежүзілік банкі рейтингіндегі орнының өзгеруі қуаттап отыр (70-ші орын). 6. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры құрылды. 7. Негізгі төрт банктің жарғылық капиталдарының 25 пайызын мемлекеттің сатып алуы туралы шешім қабылданды. 8. Шағын және орта бизнесті әкімшілік және салықтық тексерулерге 1 жылға мораторий енгізілді. 9. Ішкі сұранысты ынталандыру мақсатында «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңға өзгертулер енгізілді: бұдан былай мемлекеттік сатып алулар негізінен қазақстандық жеткізілімшілерге бағытталады (қазақстандық үлесті арттыру мақсатында); 10. Стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықты міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне ауыстық (нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған бюджет). 11. Бюджеттік реформа жүргізілді және жаңа Бюджеттік кодекс қабылданды. 12. Салықтық реформа жүргізілді және жаңа Салық кодексі қабылданды. 13. Мемлекеттік басқару жүйесі үшжылдық жоспарлау жүйесіне ауыстырылды. Жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің нормалары негізінде алғаш рет Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін көрсететін 2009-2011 жылдарға үшжылдық республикалық бюджет бекітілді. Сонымен, 2008 жылы қандай нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз? Ең алдымен, елдің макроэкономикалық тұрақтылығы қамтамасыз етілді және белгіленген параметрлер бойынша экономикалық өсу сақталды. Банктер үшін ликвидтілік проблемасы шешілді. Еліміз несие дағдарысынан аман-есен өте алды. Баға тұрақтандырылды. Республика жоғары инфляциядан аман қалды. Оның үстіне, еліміз азық-түлікпен сенімді қамтамасыз етіліп отыр.2007 жылдың желтоқсан айына қарағанда, 2008 жылдың желтоқсанында инфляция деңгейі 9,5 пайызды құрады, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен (18,8 пайыз) 9,3 пайыздық бағамға төмен. Оған қоса, экономикалық өсу де сақталды: ? 2008 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 3 пайыздан астамды құрады; ? 2008 жылдың қаңтар-желтоқсан айында өнеркәсіптік өндіріс көлемі, 2007 жылмен салыстырғанда, 2,1 пайызға өсті: ? 2007 жылмен салыстырғанда, былтыр бөлшек тауар айналымының көлемі 3,6 пайызға артты; ? Қазақстанның сыртқы сауда айналымы (2007 жылмен салыстырғанда) 39,9 пайызға артты, оның ішінде экспорт 57,2 пайызға өсті; ? Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі (2007 жылмен салыстыранда) 4,6 пайызға көп болды. Үкімет қабылдаған шаралар әлеуметтік шығыстардың жоғары деңгейін сақтауға, мемлекеттік бюджеттің теңгерімін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы жаңалықтар