«Қазақстан» РТРК» АҚ-ға қарасты «Classic» радиосының «Классикомания» атты радиобағдарламасы Лондонда жоғары бағаға ие болды

Халықаралық телерадиотаратушылар қауымдастығының «AIBs Inspiring Creativity Awards» байқауы 9 жыл бойы өткізіліп келеді. Жыл сайын бұл марапат халықаралық телерадиокомпаниялардың бағдарламалары мен технологиясын және дарынды мамандар арасынан үздіктерді анықтайды. Қазылар алқасының құрамы - әлемдік БАҚ-тың білікті мамандары. Олар жобаларды тәуелсіз түрде бағалап, сараптайды.
Биыл байқауға BBC, CNN, NHK, Bloomberg Television, Deutche Welle, Eurosport, Russia Today, ABC Australia, Radio Taiwan International, France 24, SRF Swiss Radio and TV және т.б халықаралық медиа-корпорациялардың бағдарламалары қатысты. Жобалар «Үздік деректі фильм», «Үздік журналистік тексеру», «Үздік балалар телехабары», «Өзекті мәселелер туралы үздік репортаж», «Үздік халықаралық репортаж», «Телевизия және радиодағы жыл тұлғасы» және т.б. Аталымдар бойынша сараланды.
«Қазақстан» РТРК» АҚ «Classic» радиосының «Классикомания» бағдарламасы «Үздік шығармашылық радиобағдарлама» аталымы бойынша арнайы дипломмен марапатталды. Бұл радиожобада түрлі мамандық иелері - іскерлер, саяхатшылар, заңгерлер мен режиссерлер классикалық музыканың мән-маңызы туралы сыр шертеді. Халықаралық сарапшылар қауымдастығы «Классикомания» бағдарламасын «ойын-сауықтық қана емес, сонымен қатар, білім беретінін» ерекше атап өтті.
«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова:
- Біздің корпорациямыз халықаралық ынтымақтастықты дамыту және әлемдік ақпараттық кеңістікпен ықпалдастық мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Бүгінгі таңда біз бірқатар стратегиялық келісімдер жасап, «Ариранг» (Оңтүстік Корея) телерадиокорпорациясы, «CCTV» Қытай хабар тарату корпорациясы, «BBC World News», Продюсерлер мен режиссерлердің Корей білім беру институты, Сингапурдың Медиа академиясы сынды әлемдік ірі медиа-корпорацияларымен өзара ынтымақтастық келісім шартқа қол қойдық. Сонымен қатар, осы жылы Халықаралық телерадиотаратушылар қауымдастығы (AIB) мен Хабар таратуды дамытудың Азия-Тынықмұхиттық институтының (AIBD) мүшесі атандық. Лондондағы халықаралық байқауда арнайы диплом алуымыз - корпорация жетістіктерінің халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болғандығын көрсетеді, деп атап өтті.
Штаб-пәтері Ұлыбританияда орналасқан Халықаралық Телерадиотаратушылар қауымдастығы (AIB) 1993 жылдан бастап коммерциялық емес ұйым ретінде құрылған. Беделді халықаралық ұйым BBC World, Al-Jazeera, Bloomberg, Eurosport, France 24, Russia Today, Deutsche Welle сынды 50-ден аса ірі халықаралық және ұлттық телерадиотаратушыларды және басқа да белгілі және беделді халықаралық БАҚ-тарды біріктіреді.