Қазақстан-Руанда тауар айналымының дамуына логистика кедергі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Руанда қарым-қатынасына пікір білдірді.

Серік Жұманғарин
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Қазір №1 өніміміз – бидай мен ұн. Өткен жылдың қыркүйек айынан есептегенде 9 айдың қорытындысында 10 млн тонна бидай экспорттадық. Оның ішінде бір келісімшарт - Мароккомен. Ал Руандамен қарым-қатынаста тек сауда емес саясат та бар. Екі мемлекеттің қарым-қатынасы өте жақсы. Себебі халықаралық ұйымдарда бір-біріміздің бастамаларымызды әрқашанда да қолдаймыз. Руанда Президенті өте белсенді, реформатор, танымал тұлға», - деді вице-премьер.

Оның атап өтуінше, отандық компаниялар Африканың біраз мемлекетінде табысты жұмыс істеп жатыр.

- Руанданы айтар болсақ, былтырғы жалпы тауар айналымымыз 300 мың долларды құрайды. Жалпы айтқанда барлығы импорт. Руандадан киім аламыз, арасында шамалы химия бар. Биыл 100 мың доллар болды. Ал бүкіл Африка елдерін есептесек, 1 млрд долларға жетпейді, 780 млн доллар ғана. Бұл неге байланысты? Себебі логистика өте қиын», - деді Серік Жұманғарин.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Руанда Президенті Поль Кагамені қарсы алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар