Қазақстан Руандадан берилий концентратын сатып алмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Руандадан берилий концентратын сатып алмақ. Бұл туралы Ақордада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты.

- Руанда Президентінің сапары аясында «Самұрық-Қазына» мен Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board арасында келісімге қол қойылады. Бұл келісімге сәйкес, еншілес «Қазатомөнеркәсіп» компаниямыз Руандадан берилий концентратын сатып алу мүмкіндіктерін қарастырады. Сондай-ақ біз бұл келісім арқылы екі елдің арасындағы ынтымақтастықты нығайтамыз, - деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, берилий концентраты қуаты 1 500 тоннаны құрайды Үлбі металлургиялық зауытына жеткізілуі мүмкін. Алайда Нұрлан Жақыпов Руандадан қанша тонна берилий концентратын сатып алатындығымызды айта алмайтынын атап өтті.
- Бұл коммерциялық құпия саналады. Сондықтан қазіргі таңда нақты ақпарат бере алмаймын, - деді ол.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Руанда Президенті Поль Кагамені қарсы алғанын жазған едік.