17:24, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан Румынияның Орталық Азия аймағында ғана емес күллі әлемдік деңгейдегі маңызды серіктестерінің бірі
АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан Румынияның Орталық Азия аймағында ғана емес күллі әлемдік деңгейдегі маңызды серіктерінің бірі. Румынияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эмил Рапча бүгін Алматыда «Төзімділік - әлем мәдениетіне бастар жол» деп аталатын сурет көрмесінің тұсаукесерінде осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Румыния мен Қазақстанның арасында саяси, дипломатиялық, экономикалық, және әлеуметтік-мәдени салаларда жақсы қарым-қатынас орнаған. Сауда айналымының көлемі былтыр 3 миллиард доллардан асты. Алдыңғы жылы 2 миллиард долларға жуықтаған еді. Яғни, бір жылдың ішінде ол 2 есеге жуық өсіп отыр. «Бұл қазірдің өзінде салмақты да ұзақ мерзімдік перспективалардың қалыптасқандығын көрсетеді. Сол себепті біз енді білім беру, туризм және көлік сияқты салаларға да көңіл бөлгенді дұрыс деп тауып отырмыз. Бұл бірі-бірімізді тереңірек тануға мүмкіндік береді. 2008 жылы біздің байланыстарымыз беки түсті. Биыл да Президенттер деңгейінде кездесу болады. Жыл соңына қарай Үкімет басшылары да кездеспек. Сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы істер министрі Румынияға іс-сапар жасағалы отыр», - деді Румынияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Эмил Рапчаның айтуынша, Румыния Қазақстаннан негізінен мұнай, металлургия өнімдері, минералдық ресурстар алып, Қазақстанға құрал-жабдықтар сатады. Экспорттың көлемі былтыр 100 миллион долларды құрағанымен, оны ұлғайтуға мүмкіндіктер өте мол. Бұл мәселе алдағы уақытта құзырлы органдар арасында жан-жақты талқыға салынбақ. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің «Еуропаға жол» бағдарламасы бойынша бірлескен комиссия аясында арнайы комитет те құрылмақ.