09:48, 25 Желтоқсан 2013 | GMT +5
Қазақстан Салық сұрақтары жөніндегі өзара әкімшілік жәрдем көрсету жөніндегі Конвенцияға қосылды
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - 23 желтоқсанда Париждегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Салық сұрақтары жөніндегі өзара әкімшілік жәрдем көрсету жөніндегі Конвенцияға қосылу туралы Актіге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Еліміздің Үкіметі атынан құжатқа Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Дәненов қол қойды.
Қазіргі уақытта аталған Конвенцияға 63 мемлекет қосылған. Оның негізгі мақсаты болып халықаралық деңгейде салықтан жалтаруға қарсы күресу табылады. Мүше мемлекеттер бір-бірімен ақпаратпен алмасу, салық бақылауын өткізу, сондай-ақ салықтық қарыздарды қайтару және т.б. шаралар арқылы өзара қолғабыс көрсетіп отырады.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, Конвенция мақұлдаудан өткеннен кейін үш ай мерзім ішінде күшіне енеді. Бұл елімізде және басқа да мемлекеттерде қазақстандық жеке және заңды тұлғаларға салықтық бақылауды жүйелендіруге мүмкіндік береді.