Қазақстан санкцияларды айналып өтетін алаңға айналмауы керек — ЕО арнайы елшісі
АСТАНА. KAZINFORM — ЕО санкциялар жөніндегі арнайы елшісі Дэвид О’Салливан Jibek Joly тілшісі Балжан Самигуллинаға берген эксклюзив сұхбатында Қазақстан үкіметімен келіссөздер барысында қандай мәселелерге назар аударғанын айтты.

Kazinform агенттігі сұхбаттың мәтіндік нұсқасын ұсынды.
Дэвид О’Салливан Қазақстанға төртінші рет келді. Оның айтуынша, ЕО мен Қазақстан ел аумағының санкцияларды айналып өту үшін пайдаланылмауын қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.
— О’Салливан мырза, сіздер Үкімет деңгейінде ел аумағы арқылы өтетін тауар ағынын бақылауға арналған онлайн-платформа құру мәселесін талқыладыңыздар ма?
— Мен бұл мәселе бойынша бірнеше елмен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Біз әрдайым бірдей әңгімені қозғаймыз және әрбір үкіметке жағдайды шешудің ең жақсы жолын таңдауға мүмкіндік береміз. Біз елдерге мәселені қалай шешу керектігін айтып, нұсқау бермейміз. Тек фактілерді көрсетеміз: олардың елдері әскери мақсатта пайдалануға болатын өнімдерге қатысты санкцияларды айналып өту алаңы ретінде қолданылып жатыр. Біз бұл жағдайда «Өтінеміз, бұл мәселеге шешім табуға тырысыңыздар» деп қана айтамыз. Сондықтан мұның бәрі Қазақстан үкіметіне байланысты — олар бұл мәселені қалай шешетіні өз еркінде.
— Орталық Азия елдері еуропалық өнімдерді қайта экспорттау орталығына айналмауы үшін қандай да бір шаралар қарастырылды ма?
— Менің ойымша, Қазақстан үкіметі біздің алаңдаушылығымызбен келіседі, Қазақстан санкцияларды айналып өтудің платформасына айналмауы керек. Әсіресе, әскери мақсатта қолданылуы мүмкін өнімдерге қатысты. Бүгін біз бірнеше нәтижелі талқылау өткіздік. Мен бірнеше мәселені көтердім. Қазақстан билігі бұл мәселені қалай шешкені дұрыс болатынын ойластырады. Мен біз қалыптастырған жақсы ынтымақтастықтың арқасында шешім табатынымызға сенімдімін.
— 16-шы санкциялар пакеті биылғы 24 ақпанға дейін түпкілікті бекітіледі. Бұл тізімге жаңа өнімдер енуі мүмкін бе?
— Біз бұған дейінгі импорт пен экспорттың жалпы көлемінің 60%-ын қамтыдық, бұл шамамен 7500 өнімді құрайды. Қазақстан тарапымен 50 тауар коды бойынша мәселені талқыладық. Менің ойымша, 16-шы пакет бұл 50 өнімге қосымша сауда шектеулерін енгізеді, өйткені біз Қазақстан билігін осы өнімдерге ерекше назар аударуға шақырдық. Ал санкцияларды саналы түрде айналып өтетін компаниялармен сауда жасасуды тоқтатуымыз мүмкін.
— Қазіргі уақытта Қазақстанда АЭС салуға әлеуетті мердігерлердің шорт-парақшасында франциялық, оңтүстіккореялық және қытайлық компаниялармен бірге Ресейдің «РосАтом» компаниясы да бар. Бұл компания ЕО-ның санкциялық тізіміне енгізілуі мүмкін бе?
— Қазіргі уақытта бұл компанияға санкция жоқ. Болашақта санкция салынбайды деп кесіп айта алмаймын, бірақ қазір бұл мәселе бойынша ешқандай талқылау жүріп жатқан жоқ. Қазақстанның қай компаниямен АЭС салу туралы келісім жасайтынын толықтай Үкімет шешеді.
— О’Салливан мырза, сіздің дипломатиялық қызметте 30 жылдан астам тәжірибеңіз бар. 2014-2019 жылдар аралығында ЕО-ның АҚШ-тағы елшісі болдыңыз. Президент Дональд Трамп Париж келісімінен және ДДСҰ-дан шығу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?
— АҚШ — маңызды серіктес, сондықтан біз жаңа әкімшілікпен өзара әрекеттесіп, өз ұстанымымызды түсіндіруге, оларды тыңдауға тырысамыз. Біз бірінші Трамп әкімшілігі кезінде өзара қолайлы шешімдер таба алдық. Бұл жолы да бірлесе жемісті жұмыс істейміз деп сенемін.