Қазақстан семсерлесуден төрт айда үш тарихи жеңіске қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы кейінгі төрт айда Азия чемпионатында, әлем чемпионатында және Азия ойындарында жеңіске жетіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді.

у
Фото: Спорт комитеті

Ұсынылған дерекке сәйкес, бұған дейін ерлер арасындағы сапымен семсерлесуден бірде-бір құрама бір жыл ішінде құрлық чемпионатын, әлем чемпионатын және құрлықтық ойындарды қатарынан жеңіп көрмеген.

Бұл Қазақстан спорты үшін де бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұған дейін еліміздің бірде-бір командасы бір маусымда халықаралық күнтізбедегі барлық басты жарыста топ жармаған.

Әлемдік спортта осындай ауқымды жетістіктерге арнайы атау беру қалыптасқан. Мәселен, теннисте «Үлкен дулыға», футболда «требл» ұғымы қолданылады. Семсерлесуде мұндай жеңістер сериясын сипаттайтын ресми термин жоқ. Дегенмен жетістіктің ауқымына қарай Қазақстан құрамасы бір маусымда өзіндік «Үлкен дулығасын» жинады деуге болады.

Қазақстан құрамасының жеңісті жолы маусым айында Делиде өткен Азия чемпионатынан басталды. Ұлттық құрама құрлық біріншілігінде топ жарып, маусымдағы алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді.

Арада бір ай өткенде Гонконгта өткен әлем чемпионатында қазақстандық семсерлесушілер командалық сайыста алғаш рет әлем чемпионы атанды.

Жеңісті серия Нагоядағы Азия ойындарында жалғасты. Финалда Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті.

Шешуші бәсекеде Қазақстан құрамасы тоғыз ұпай айырмасымен жеңіліп жатқанымен, есепті өзгертіп, 43:42 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Қазақстан ерлер құрамасы араға 24 жыл салып Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Бұған дейін қазақстандық семсерлесушілер 2002 жылы Пусанда өткен Азия ойындарында алтын медаль иеленген еді.

Қазақстан құрамасының жетістігі әлемдік семсерлесудегі бәсекенің жоғары деңгейімен де ерекшеленеді. Франция, Италия, Жапония және Оңтүстік Корея секілді елдерде семсерлесудің ғасырлық дәстүрі, қуатты спорт резерві және Олимпиада чемпиондарының бірнеше буыны қалыптасқан.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз олимпиадалық спорт түрлерін жүйелі түрде дамытып, спортшыларымыздың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті жағдай жасап келеміз. Бұл нәтиже – мемлекеттің зор қолдауымен Федерацияның, жаттықтырушылар штабы мен спортшылардың жүйелі жұмысының жемісі. Федерация заманауи әдістемелер мен ғылыми тәсілдерді енгізіп келеді. Ал тәжірибе алмасу мақсатында мемлекет тарапынан тартылған шетелдік мамандар отандық жаттықтырушыларымыздың жұмысын күшейтуге үлес қосуда, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуов қазіргі құраманың жетістігі ел спорты тарихында айрықша орын алатынын атап өтті.

– Меніңше, бүгінде бұл команда аңызға айналған құрама деген атқа әбден лайық. Нәтиже өскен сайын бізге артылатын үміт пен жауапкершіліктің де арта түсетінін түсінеміз. Біз бұл жетістікті соңғы меже емес, енді сақтап қалуымыз қажет жаңа деңгей деп қабылдаймыз. Алда Олимпиадаға іріктеу кезеңі тұр. Келесі міндетіміз – жоғары деңгейімізді ұзақ мерзімде дәлелдеу, – деді ол.

Ұлттық құраманың тарихи нәтижесі Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан семсерлесу федерациясы, жаттықтырушылар штабы мен спортшылардың бірлескен жұмысының нәтижесі ретінде бағаланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ерлер құрамасы семсерлесуден әлем чемпионатында тұңғыш рет командалық сында алтын медаль жеңіп алған болатын.