Қазақстан сенаторлары Ақтөбедегі террорлық актіні айыптады

Сенаторлар содырлардың арсыздығы мен қатігездігіне наразылықтарын жеткізіп, мемлекетіміздің ішкі саяси тұрақтылығын шайқалтуды көздеген террорлық актілерге жол бермеу қажеттігі туралы мәлімдеді.
Парламентшілер ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзім ішінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық және демократиялық даму жолында барша халықаралық қоғамдастық мойындаған жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік аренада беделді мемлекетке айналғанын атап өтті. «Бұл еліміздегі көпұлтты халықтың мызғымас бірлігінің арқасында мүмкін болды. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында болған арсыз қылмысты дінмен байланыстырмау керек, бұл, шын мәнінде, біздің азаматтарымыздың тыныштығы мен мамыражай өміріне қарсы бағытталған арам ниетті қарақшылықтың көрінісі»,-делінген депутаттар мәлімдемесінде.
Сенаторлар конституциялық тәртіпке және қазақстандық қоғамдағы бейбітшілік пен келісімге ешкімнің қол сұғуға хақысы жоқ деп санайды, және құқық қорғау органдарының қарақшылардың көзін жойып, оларды жауапқа тарту жөніндегі әрекеттерін қолдайды.