Қазақстан шахматшылары Үндістанда өтетін олимпиадада үздік үштікке енуді жоспарлап отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Украиналық шахматшы, гроссмейстер, Қазақстан әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Александр Моисеенко алдағы бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында команда алдында үздік үштікке ену міндеті тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің әйелдер командасы өте мықты. Біз медаль алып, үздік үштікке кіру үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Бәсекелестер де, қарсыластар да мықты. Бұл рейтингтік жарыстың фавориттері - Үндістан құрамасы, сонымен қатар олар өз алаңында ойнайды. Сондай-ақ біздің бәсекелестеріміз - Украина, Грузия, Польша, АҚШ, Әзербайжан», - дейді Александр Моисеенко.

Оның айтуынша, бұл елдердің ерлер құрамасы да мықты. Қазақстан ерлер құрамасы үшін ең бастысы – рейтингті көтеру, үздік 20-лыққа ену.

«Бұл олар үшін өте жақсы нәтиже болады. Бізде аздап басқа тапсырмалар бар. Жігіттер мықты, болашағы зор. Біз оларға сенеміз», – дейді бапкер.

Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова және Гүлісхан Нахбаева бар.

Ерлер құрамасында Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажғалиев, Денис Махнев, Жандос Ағманов және Арыстанбек Уразаев өнер көрсетеді.

Қазір спортшылар Алматыда бірге жаттығып жатыр. Олар 26 шілдеге дейін осында болады, одан кейін Үндістанға ұшады.

Айта кетейік, 28 шілде мен 10 тамыз аралығында Үндістанның Ченнай қаласында шахматшылардың 44-ші Олимпиадасы өтеді.


Соңғы жаңалықтар