Қазақстан шаңғымен тұғырдан секіруден Норвегиядағы әлем чемпионатында 4 рет үздік ондыққа енді
АСТАНА. KAZINFORM – Норвегияның Лиллехаммер қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты аяқталды.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар төрт рет үздік ондықтың қатарына енді.
Жекелей сында Илья Мизерных алтыншы орынмен жарысты аяқтады. Ал әйелдер арасындағы командалық жарыста Анастасия Горунова, Алиса Седова, Алена Свириденко және Виктория Рулева жетінші орынға ие болды.
Осы бағдарламада ерлер құрамасы сапында өнер көрсеткен Илья Мизерных, Даниил Калинкин, Артем Мешков және Давид Гааль алтыншы орынға тұрақтады.
Сонымен қатар Қазақстан аралас командалар арасындағы жарыста да үздік ондыққа енді. Бұл сайыста Илья Мизерных, Артем Мешков, Виктория Рулева және Алена Свириденко сегізінші орын алды.
Бұған дейін шаңғымен тұғырдан секіруден Илья Мизерных Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижені тіркегенін хабарлаған едік.