Қазақстан шетел азаматтарына ЖСН беруді қайта бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміз 18 сәуірден бастап шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беруді қайта бастайды. Пилоттық жобаға 100 елшілік пен консулдық қатысады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. 

Қазақстан шетел азаматтарына ЖСН беруді қайта бастайды
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінікі

— Заңнамаға сәйкес, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН ресімдеу Қазақстан аумағында олар жеке жүгінген кезде ғана жүзеге асырылады. ЖСН беру жұмыстарын бұрынғыдай ІІМ жүргізеді. Бірақ бұл қызмет шетел азаматтары үшін СІМ мен елшілік ғимараттарында да қолжетімді, — дейді ведомство өкілдері.

Елімізде жеке сәйкестендіру нөмірін ала алатын шетелдіктердің тізімі төмендегідей:

әлеуетті инвесторлар;

тауарларды таңбалау және қадағалап отыру жүйесіне қатысушылар;

Қазақстан азаматтарының жұбайы болатын шетел азаматтары (АХАТ ақпараттық жүйесінде азаматтық хал актілерін тіркеу туралы белгі қою үшін);

ата-анасының бірі Қазақстан азаматы болған жағдайда, 16 жасқа толмаған шетелдік балалар;

Қазақстанда мұрагерлік құқығын иеленетін шетел азаматтары;

Digital Nomad Residence және Digital Nomad Visa бағдарламаларының әлеуетті қатысушылары;

мүмкіндігі шектеулі шетел азаматтары;

65 жастан асқан шетелдіктер;

өсімдіктерді қорғау құралдарын (пестицидтерді) өндірушілер мен тіркеушілер;

Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалардың, филиалдардың және (немесе) өкілдіктердің басшылары.

Айта кетейік, ЖСН алу үшін өтінішіңізді, жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесі мен түпнұсқасын жауапты мекемеге алып баруыңыз керек.

Бұған дейін Ресей азаматтарына берілген ЖСН-нің бір бөлігі рәсімді бұза отырып рәсімделгені хабарланған еді.  Одан бөлек, борышкерлер мен лудомандарды ЖСН арқылы анықтау тетігі енгізілуі мүмкін

Соңғы жаңалықтар