«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Бас редакторлар клубы «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» атты ІІІ Халықаралық байқаудың қорытындысын шығарды.
None
None

Байқауға «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті, «Rixos President Astana» және «Rixos Borovoe» қонақ үйлері, сондай-ақ «Арғымақ» көлік компаниялары қолдау білдірген. Ал 2016 жылғы мамырдан бастап аптасына төрт рет қатынай бастаған «Амстердам-Астана» жаңа авиарейсін ұсынған «KLM Корольдік Голландиялық Авиажелілері» байқаудың халықаралық әріптесі болып табылады.

«Биыл ұйымдастыру комитетіне 29 елден келіп түскен 60 өтінімнің арасынан қазылар алқасы ТМД, Еуропа, Америка, Азия, Таяу Шығыс және Африка өңірлері бойынша бес жеңімпазды анықтады. Қазылар алқасының құрамына Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексембай кірді», - делінген баспасөз баянында.

Байқау жеңімпаздары қыркүйек айының басында Астана мен Алматы қалаларына және Бурабай курортына сапар шеге алады. Сапар бағдарламасы мәдени-танымдық іс-шаралар, ресми тұлғалармен, сарапшылармен және журналистермен, мәдениет және спорт қайраткерлерімен, туризм саласының өкілдерімен кездесулерді қамтиды деп күтілуде.

Е. Ыдырысов  биыл байқауға түскен өтінімдердің сапасына назар аударып, Астанада болатын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандырылған көрмесі мен Алматыда болатын Қысқы Универсиада ойындары секілді алдағы ірі халықаралық іс-шараларға шетелдік БАҚ тарапынан қызығушылықтың өсіп келе жатқанын атап өтті. 2014 жылы өткен алғашқы байқауға 41 журналист қатысты, ал екінші байқауға 55 өтінім қабылданған.

«Осы жылы байқауымызға әлемнің төрт бұрышынан келіп түскен өтінімдер санының, ең бастысы олардың сапасының артқаны бізді сүйсіндірді. Әлемдегі БАҚ-тарда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына, оның халықаралық қатынастарына деген қызығушылықтың ұдайы артуы байқалуда. Бұл Қазақстанның және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ашық саясатының нақты жемісі деп білемін», - деді Е. Ыдырысов.

Қазылар алқасы ТМД авторларының арасынан Ресейдің атақты «Аргументы и факты» апталық газетінің тілшісі Марина Набатникованы Қазақстанның стратегиялық бағдарламалары туралы ақпарат пен өзекті статистиканы пайдаланып жазған, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастық мәселелерін айғақтайтын «Даму үшін жаралған. Қазақстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынастар қалай дамып келеді?» атты мақаласы үшін марапаттау туралы шешім қабылдады.

Еуропалық авторлар арасынан HuffingtonPost.fr онлайн-басылымында жарияланған «ЭКСПО-2017: болашақ энергиясы қандай болады?» мақаласы үшін Франция журналисі Паулин Гаврилов (Pauline Gavrilov) марапатталды.

Қазылар алқасы Америка құрлығынан жеңімпаз болып Washington Times газетінде жарияланған «Болашақ» өршіл бағдарламасымен шетелде оқитын қазақ жастары бұрынғы кеңес республикасын көтеруге мүдделі» атты мақаланың авторы, АҚШ журналисі Дуглас Бертон (Douglas Burton) танылды.

Таяу Шығыс және Африка елдері үміткерлерінің арасынан «The Jordan Times» газетінде жарияланған «Иордания мен Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікке деген көзқарасы ортақ» атты мақаласы үшін Иордания журналисі Мохаммед Газал (Mohammad Ghazal) марапатталды.

Азия елдері үміткерлерінің арасынан «Yeni Cag» газетінде жарық көрген «Еуразия кілті Қазақстанның дамуы мен тұрақтылығында» мақаласының авторы, Түркия журналисі Куршад Зорлу жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздардан басқа бес өңірдің әрқайсысында қосымша жүлдегерлер анықталды, олардың авторлары  қазылар алқасынан алғыс хаттар алатын болады.

Соңғы жаңалықтар