«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауының жеңімпаздары марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Сыртқы істер министрлігінде шетелдік журналистер арасында дәстүрлі түрде өтетін «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» халықаралық байқауының X мерейтойлық жеңімпаздарын марапаттады.

Биылғы байқауға әлемнің 30 елінен 100-ден астам материал ұсынылды. Қазылар алқасының шешімімен АҚШ, Армения, Бельгия, Өзбекстан және Пәкістан журналистерінің еңбектері үздік деп танылды. Жеңімпаздар қатарында Мэтт Фицджеральд (АҚШ), Марианна Мкртчян (Армения), Дерья Сойсал (Бельгия), Арухан Ақпанбетова (Өзбекстан) және Мұхаммад Али Паша (Пәкістан) бар. Олар өз материалдарында Қазақстанның цифрландыру, экономика, туризм, спорт, мәдениет және тарих салаларын кеңінен қамтыған.
Салтанатты рәсімге ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов пен байқаудың серіктестері қатысты. Арман Исетов жеңімпаздарды құттықтап, ұсынылған жұмыстардың сапасын жоғары бағалады. Оның айтуынша, шетелдік журналистердің қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді.
Марапаттау рәсімінен кейін байқау жеңімпаздары «Digital Bridge 2025» халықаралық технологиялық форумының жұмысына қатысып, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысына мәдени-танымдық сапар жасайды.