Қазақстан шетелге экспорттайтын спутниктер қашан ұшырылады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жауап берді Моңғолия, Нигерия және Конгоға спутниктерді экспорттау жұмысына түсінік берді.
— Қазақстан жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) спутниктерін экспорттау бағытын белсенді түрде дамытып, халықаралық нарыққа шығудың нақты кезеңіне өтті. Бүгінде Моңғолия, Конго Республикасы және Нигериямен ЖҚЗ спутниктерін әзірлеу және жеткізу бойынша келісімдер жасалған. Бұл келісімдер Қазақстанның спутник жасаудың толық циклін жобалау, өндіру, сынақтан өткізу және іске қосуға дейінгі процестерді меңгергенін көрсетеді, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, экспорттық жобалар аясында шетелдік тапсырыс берушілер үшін үш спутник дайындалады.
— Оларды ұшыру 2028–2029 жылдарға жоспарланған. Қазіргі уақытта тиісті инженерлік және өндірістік жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жобалар Қазақстанның ғарыш саласын коммерцияландыруға, экспорттық әлеуетін арттыруға және халықаралық технологиялық әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді, — деп атап өтілген ведомство ақпаратында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл наурыз айында Қазақстан Моңғолия, Нигерия және Конгоға қандай спутник экспорттайтынын жазған едік.
2025 жылы Конгомен және Нигериямен экспорттық келісімшарт жасалды.