Қазақстан ШЫҰ-ның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға күш салды – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы, аймақтанушы Еркебұлан Қуанбай Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Беларусьтің ұйымның толыққанды мүшесі болуына қатысты пікір айтты.

«Жалпы, ШЫҰ-ға мүше елдердің басым көпшілігін халықаралық қатынастарда «жаһандық оңтүстік» деп аталады, яғни көбінесе шығыс мемлекеттер кіреді. Кейінгі кезде ұйымға Үндістан, Пәкістан, Иран қосылса, биыл Беларусь мүше атанып жатыр. Сондықтан осы елдердің қосылуы, бір ұйымның астында бірігуі әлемдік аренада оларға өздерінің ұстанымын жариялауға көмектеседі. Бүгінгі саммитте Астана декларациясы талқыланып жатыр және бұл құжат қабылданады деген үміттеміз. Сол декларацияның аясында мүше елдердің бірауыздан мақұлданған үндеуі айқын көрінеді», - деді Е.Қуанбай Kazinform агенттігіне берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, бұл саммиттің жалпы ерекшілігі – мүше елдерден бөлек, басқа да мемлекеттердің қатысуында.
«ШЫҰ-дағы Қазақстанның төрағалығы Қытайға өтіп жатыр. Бұл жерде Қазақстанның рөліне тоқталсақ, осы ұйымның халықаралық аренадағы беделін көтеру және халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықты нығайту. Мәселен, осыған дейін ШЫҰ диалог алаңы ретінде болды. Мемлекет басшысы былтырдан бері ұйым аясында Инвестициялық қор құруды ұсынып келеді. Осы қорды құру жүзеге асады деген ойдамын. Себебі осы бағытта инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру іске асады. Атап айтқанда, мұндай маңызды қадамдар ШЫҰ аясында қабылданатын шешімдер нақты экономикалық жоба күйінде жүзеге асуы мүмкін екенін көрсетеді», - деді Еркебұлан Қуанбай.
Сонымен қатар ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Астанаға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің келуіне орай пікірін айтты.
«Антониу Гутерриштің келуі Шанхай ынтымақтастық ұйымының беделін және БҰҰ ұстанымын байқатып отыр. Өйткені әлемдегі қақтығыстарды шешу қиындығына байланысты БҰҰ-ға қатысты сын көбейіп кетті. Сондықтан БҰҰ өкілдерінің Астанаға келіп, осы өңірдің пікірін білгісі келеді», - деді сарапшы.
Еске салсақ, былтыр шілде айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Инвестициялық қорын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.