Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде барлық мақсат-міндетті толығымен орындады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ШЫҰ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президент Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылғанын айтты.
«ШЫҰ форматын» барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Сондай-ақ Президент еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық мемлекетке шынайы ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне келген мәртебелі меймандарды қарсы алып, қол алысты. Ел басшыларын қарсы алу рәсімі аяқталды.
Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде мүше мемлекеттердің басшылары Беларусь Республикасын Ұйым мүшелегіне қабылдауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық қатынас жүйесінің маңызды тетігіне айналды. Бұл туралы саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.