Қазақстан - Швейцария: әйгілі сағаттар, ірімшік пен шоколадтың отаны Астанаға несімен қызық

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астанаға Швейцарияның вице-президенті Ги Пармелен келеді. Осы орайда, Kazinform тілшісі екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізгі бағыттары мен болашағын саралап көрді.

Казахстан–Швейцария: чем страна часов, сыров и шоколада интересна Астане?
Коллаж: Kazinform/ Canva/Pixabay

Саяси түсіністік

Қазақстан мен Швейцарияның дипломатиялық байланысы 1992 жылы орнап, содан бері тұрақты дамудың жолына түсті. «Инвестицияларды қорғау және ынталандыру туралы келісім», «Қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім» — саяси серіктестікті нақты мазмұнмен толтырған алғашқы маңызды құжаттар. Осы келісімдер инвестициялық сенімді арттырып, экономикалық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді бағытын айқындады.

Кейінгі жылдары екі ел арасындағы қарым-қатынас белсенді сипат алды. Сауда, инвестиция, ғылым және білім, цифрлық даму салаларындағы ортақ жоспарлар ұдайы талқыланып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық аренадағы тәжірибесі стратегиялық серіктестікті күшейтуге ерекше серпін берді. Президенттік қызметке дейін ол Азиядан шыққан алғашқы тұлға ретінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары әрі Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің бас директоры болған. Бұл лауазымдарда жинаған кәсіби тәжірибе Қазақстан мен Швейцария арасындағы диалогтің сенімді әрі үздіксіз дамуына ықпал етті.

Швейцария - Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығын, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуын қолдаған елдердің бірі. Өзара саяси түсіністік экономикалық байланыстарға да тың ырғақ берді.

Парламенттік достық топтарының жұмысы, халықаралық ұйымдардағы өзара қолдау — стратегиялық диалогтің одан әрі тереңдеуіне жол ашып отыр. Қазақстан мен Швейцария арасындағы қарым-қатынас - бүгінде жай экономикалық байланыс қана емес, оған саяси тұрақтылық, инновация, ғылым мен мәдени алмасу да кіретін кең ауқымды серіктестікке айналған.

флаг
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Алыс-беріс ауқымы

Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 1,354 млрд АҚШ доллары көлемінде болды. Ал 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 1,075 млрд долларға дейін төмендеп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға азайған.

Айналым көлемі аздап азайғанымен, статистикалық деректер екі ел арасындағы сауда құрылымының теңгерімділігін және экономикалық ынтымақтастықтың негізін айқындайды. Қазақстан негізінен шикі мұнай мен өнеркәсіптік тауарларды экспорттаса, Швейцариядан медициналық, техникалық және тұрмыстық тауарлар келеді.

Экспорт 2024 жылы 986,4 млн доллар болса, 2025 жылы 823,3 млн долларға дейін қысқарған (16,5%). Импорт 368 млн доллардан 251,9 млн долларға дейін азайған (31,5%). Сауда балансы 2025 жылы 571,4 млн долларға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда сәл төмендеген.

инфографика
Фото: Kazinform

Қазақстаннан Швейцарияға экспортта басты орын шикі мұнайға тиесілі – 657 млн доллар. Сонымен қатар, ұшу аппараттары 76 млн, күміс 54 млн долларға сатылған. Айта кететін жағдай, ювелирлік бұйымдардың экспорты рекордтық өсім көрсетіп, 17 млн долларға, ал этил спирті 6 млн долларға сатылып, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жеткен.

Швейцариядан Қазақстанға импортталатын тауарлардың арасында вакциналар мен дәрілік заттар маңызды орын алады, олардың құны - сәйкесінше 44 млн және 38 млн АҚШ доллары. Сондай-ақ, қымбат емес металдан жасалған сағаттар 23 млн, ортопедиялық құралдар мен протездер 13 млн, ал электр құралдарына арналған панельдер 7,2 млн доллар болды. Кейбір медициналық және техникалық тауарлардың импорты қысқарса да, ортопедиялық құралдар мен электрлі панельдердің жеткізілімдері айтарлықтай артқан.

инфграфика
Фото: Kazinform

Сарапшы пайымы

Сарапшылар бұл экономикалық деректерді кеңірек ауқымда қарастырады. Қазақстан мен Швейцария арасындағы серіктестік бірнеше онжылдық бойы қалыптасып, тұрақтылық пен өзара сенімге негізделген. Олар бұл байланыстың дамуын саяси үйлесім, экономикалық прагматизм және стратегиялық жоспарлау арқылы түсіндіреді.

СІМ жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының аға сарапшысы Валерий Ситенко екі ел арасындағы байланыс экономикалық және инвестициялық мүдделерге негізделген деп санайды.

Валерий Ситенко
Фото: Kazinform

- Қазақстан да, Швейцария да барлық бағыттарда өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Біздің саяси тәсілдеріміз сәйкес келеді: дипломатиялық реттеуді және диалогті қолдаймыз, – дейді сарапшы.

Ситенконың айтуынша, Швейцария Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың алғашқы үштігіне кіреді. Ел экономикасына 35 млрд доллардан астам капитал тартылған, бұл - екі ел арасындағы сенімнің нақты дәлелі. Швейцария Қазақстанға тек энергетика саласында ғана емес, транзиттік әлеует пен геостратегиялық орналасу тұрғысынан да қызығушылық танытады. Индустриялық даму, сирек жер металдарын өндіру, жаңа көлік дәліздерін дамыту – бұл бағыттар екі ел үшін де стратегиялық маңызды.

Таир Нигманов
Фото: Т. Нығмановтың жеке мұрағатынан

Саясаттанушы Тайыр Нығманов атап өткендей, инвестициялардың басым бөлігі пайдалы қазбаларды өндіру саласына бағытталғанымен, Қазақстан өнеркәсіптің жоғары өңдеу секторына да инвестиция тартуға мүдделі. Астана Швейцарияны технология, қаржы және өнеркәсіпті жаңғырту салаларындағы басты серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын айтады.

Сарапшылар Қазақстан үшін Швейцарияның құндылығы технологиялық мәдениетінде деп бағалайды. Stadler компаниясының қатысуымен іске қосылған теміржол вагондарын өндіру жобасы тек инвестиция емес, технология мен басқару тәжірибесінің келуі ретінде қарастырылады. Айта кетсек, Stadler Rail жобасы аясында Қазақстанда 537 вагон шығарылып, олардың қызмет көрсетуі 20 жылға жоспарланған, локализация деңгейі – 35%.

Новые вагоны Stadler: будет ли Wi-Fi для пассажиров
Фото: ҚТЖ

Сонымен қатар, швейцарлық SGS, Militzer & Münch компаниялары мен INOKS Capital инвестқоры агроөнеркәсіптік жобаларды дамытуға қызығушылық танытып отыр. Бұл - Қазақстан үшін «ұзақ мерзімді» инвестициялар әкелетін маңызды сала.

Заманауи сұраныстарға жауап беретін Smart City жобасы аясында цифрлық шешімдер мен урбанистика бағытында пилоттық бастамалар жүзеге асырылып жатыр.

Білім беру саласында Швейцарияның дуальді жүйесі Қазақстандағы кадр даярлау тәжірибесін жаңғыртуға ықпал етіп отыр.

Демек, Швейцария Қазақстанның Еуропадағы ең тұрақты және технологиялық жағынан дамыған серіктестерінің бірі болып қала береді. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Швейцария вице-президенті Гай Пармелиннің бұл жолғы кездесуі инвестицияны қалпына келтіруге ғана емес, сонымен бірге ұзақ мерзімді саяси диалог пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға да негіз болмақ.

Соңғы жаңалықтар