Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған барлық бейбіт бастамаларды қолдайды
«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үздіксіз қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан Сирия бойынша Астана процесінің кезекті 6-шы раунды өз мәресіне жетті. Келіссөздерге қатысқан жоғары лауазымды делегациялар Астана платформасында осыған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылап, Сириядағы дағдарысты реттеу бойынша өзара іс-қимылды кеңейту жолдарын қарастырды», - деп атап өтті Қайрат Әбдірахманов.
Сондай-ақ оның айтуынша, тараптардың өткізген келіссөздері Сирияда орнатылған атысты доғару режімін ары қарай нығайтуға, әскери және гуманитарлық мәселелерді талқылауға бағытталды. «Астана келіссөздері басталғалы бері өткен 8 ай ішінде Сириядағы жағдай түбегейлі түрде жақсы жаққа өзгеріп, дағдарысты саяси жолмен реттеу мүмкіндігі кеңейе түскендігі даусыз. Ондағы жағдайдың қайта өршуі қазіргі таңда қай тарапқа да тиімсіз болып табылатыны анық. Сол себептен Сириядағы жағдайға ықпалы бар өңірлік және халықаралық күштердің қақтығысты келіссөздер арқылы реттеу жолындағы күш-жігерлерін жалғастыруын аса маңызды деп санаймыз. Осыған орай Қазақстан Сириядағы жағдайда реттеуге бағытталған барлық бейбіт бастамаларды қолдай отырып, келіссөздерге өз алаңын ұсынуын жалғастыра береді», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.