12:43, 15 Мамыр 2012 | GMT +5
Қазақстан - Ситибанктің таяу жылдардағы дамуын қамтамасыз ететін маңызды дамушы нарық - Асиф Али Заиди
АЛМАТЫ. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда экономика жақсы басқарылуда. Ситибанк Қазақстаның директоры Асиф Али Заиди бүгін Алматыда өтіп жатқан Fitch Ratings агенттігінің Қазақстан бойынша VI жыл сайынғы конференцияда осылай айтты.

«Қазақстан нарығы қозғалысты. Елде үлкен көлемде түрлі ресурстар бар. Саяси тұрақтылық қалыптасқан. Мемлекеттік бюджет жақсы формада. Мемлекеттік қарыз көлемі төменгі мөлшерде.
Қазақстан Ситибанктің таяу жылдардағы дамуын қамтамасыз ететін маңызды дамушы нарық болып отыр. Бұл артық айтқандық емес. Бұл пікірді қазір Қазақстанға қатысты айтып жүргендер көп», - дейді Асиф Али Заиди.
Оның айтуынша, Ситибанк әлемнің 55 елінде жұмыс жасайды. Халықаралық қаржы инстиутты үшін Қазақстан бүгінгі таңда ТМД аумағында Ресейден кейінгі зор басымдыққа ие ел болып отыр.