Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран және басқа да тауарларын экспорттауға дайын - Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Словакиямен қарым-қатынасты одан ары нығайтуға баса мән береді. Бұл туралы Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Бүгін Премьер-министр Роберт Фицо мырза екеуіміз мазмұны келіссөздер жүргіздік. Қазақ-словак ынтымақтастығының аясын кеңейту мәселесін талқыладық. Нақты уағдаластықтарға қол жеткіздік. Екі ел арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ. Кең ауқымды ынтымақтастыққа жол ашық. Себебі Қазақстан мен Словакияның сан қырлы байланысын күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді. Словакия экономика тұрғысынан алып қарасақ, қарқынды дамып келе жатқан ел. Сондықтан Қазақстан Словакиямен қарым-қатынасты одан ары нығайтуға баса мән бермек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында сауда-саттық көлемін одан ары арттыру мәселесі қозғалғанын, инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге назар аударылғанын айтты.
- Бұл тұрғыдан алғанда үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқарып келеді. Мен комиссияның тең төрағаларының деңгейін министр деңгейіне көтеруді ұсындым. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын. Сондай-ақ энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор”, - деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен шағын құрамда келіссөз жүргізгенін жазған едік.
Ал кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Словакия Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін айтты.