Қазақстан Солтүстік Корея мәселелері бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің министрлік дебаттарына қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 сәуір күні Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Американың төрағалығымен «Ядролық қаруды таратпау/КХДР» тақырыбында министрлік деңгейдегі ашық тақырыптық пікірталастар өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайты.
None
None

Пікірталастарға Кеңеске мүше елдердің сыртқы саяси мекеме басшылары: АҚШ  Рекс Тиллерсон, Жапония - Фумио Кишида, Сенегал - Манкер Ндиайе, Қытай - Ван И, Ұлыбритания - Борис Джонсон, Эфиопия - Воркнех Гебейху, Швеция мен Италия министрлерінің орынбасары - Анника Содер және Бенедетто делла Ведова қатысты.  Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастап барды.

Сөз сөйлеушілер Солтүстік-Шығыс Азия аймағындағы әскери жағдайдың ушығу қаупіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Корей Халық Демократиялық Республикасының ХХІ ғасырда ядролық сынақтар жүргізген әлемдегі жалғыз ел екені аталып өтті және халықаралық қауымдастықты «Солтүстік Кореяның арандатушылығына ермеуге», жаһандық салдарға әкеп соғатын «жаңсақтық пен түсініспеушіліктерге» жол бермеуге шақырды.

Мемлекеттік хатшы Р.Тиллерсон «Солтүстік Кореяға экономикалық және дипломатиялық қысым көрсетудің барлық шараларын күшейтуді, оның ішінде экономикалық санкция салу, Пхеньянмен сауда және дипломатиялық қарым-қатынастарға шектеу қою қажеттігін» айтты. «Сонымен бірге, АҚШ мәселенің қарулы жолмен шешуді де жоққа шығармайды», - деді Тиллерсон.

Франция мен Ұлыбритания да Пхеньянның өз ядролық бағдарламасынан бас тартуы үшін КХДР қатысты шектеу шараларын едәуір көбейтуді мақұлдады. Қауіпсіздік Кеңесінің өзге тұрақты мүшелері Ресей мен Қытай әлемдік қауымдастыққа күш шаралары Корей түбегіне ғана мен тұтас Солтүстік-Шығыс Азия аймағы үшін мүлдем қолайсыз екенін және апатты салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты Қытай өзінің екі тректі формуласын ұсынды, онда денуклеаризация мен параллель бейбітшілік процесіне бағытталған шаралар кешені бар. Ресей алтытараптық келіссөздерді қайта жандандыру қажеттігін айтты және Қытай ұсынысын қолдады.

ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов қатысушыларға қарусыздану, ядролық қаруды таратпау мен ядролық қауіпсіздік - Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтары қатарында екенін атап өтті. Министр БҰҰ ҚК-ның осыған қатысты барлық қарарын бұза отырып КХДР-дың зымыран сынақтарын жүргізуі Корей түбегіндегі жағдайдың ушығуына әкеліп соғуына алаңдаушылық білдірді. Қазақстан қалыптасқан күрделі жағдайдың жылдам әрі бейбіт жолмен шешілуі үшін алтытараптық келіссөздерді қайта жандандыруға және өзге де саяси-дипломатиялық шаралар жүргізуге ниетті ҚК мүшелерін қолдайды.

Соңғы жаңалықтар