Қазақстан стратегиялық бағдарынан айнымайды, реформаларды тоқтатпаймыз — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздейді. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

«Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілді. Біздің мақсатымыз айқын — барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс екенін атап өтті.
— Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз. Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды. Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық. Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін, — деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелгенін еске салды. Мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған.
— Менің ойымша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады. Президент — халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері. Парламент азаматтық қоғам және жаңа саяси партиялардың мүшелерімен толықты. Сондай-ақ әйелдерге, жастарға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтың өкілдеріне қосымша квота берілді. Адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері болмаса, ілгері жылжу мүмкін емес. Бұл жүйе «Заң мен тәртіп» қағидатында көрініс тапқан. Біз аталған реформаларды геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде қолға алғанымызды білеміз. Бірақ «Жол мұраты — жету». Осы стратегиялық бағдарымыздан айнымаймыз, реформаларды тоқтатпаймыз. Жаһандағы сын-қатерлерге қарамастан, экономикамыз былтыр 5,1 пайызға өсті. Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк 62 пайызға артты. Дейтұрғанмен біздің стратегиялық мұратымыз цифрмен ғана өлшенбейді. Бұл реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздейді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы жұмысын бастады.