Қазақстан су ресурстары бойынша көрші елдермен ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейте алады - Парламент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдердi қорғау және пайдалану туралы конвенцияның 25-ші және 26-шы баптарына түзетудi ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.
None
None

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың айтуынша, Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдердi қорғау және пайдалану туралы конвенция 1992 жылғы 17 наурызда Хельсинкиде жасалған болатын. Қазақстан аталған конвенцияға 2000 жылғы 23 қазанда қосылды. Ал қаралып отырған құжаттың мақсаты экожүйе тәсiлi негiзiнде бiрлескен су ресурстарын басқару жолымен қоршаған ортаға жағымсыз шекарааралық әсердi болдырмау, бақылау және азайту болып отыр.

«Су конвенциясының Қазақстан үшін маңызын түсіндіріп жатудың өзі артық. Конвенция трансшекаралық суларды әділ және саналы түрде пайдалану, оның орнықтылығына қолжеткізу мен ынтымақтастықтың сенімділігі және тұрақтылығы үшін құқықтық негізді қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл ретте су конвенциясының Қазақстан үшін маңызы зор», - дей келе министр Асылжан Мамытбеков Қазақстанға жерүсті су ресурстарының тең жарымына жуығы көршілес мемлекеттерден келетінін еске салды.

Жалпы, Конвенция тараптардың шекарааралық су ресурстарын бiрлесiп және әдiл пайдалану, сулы экожүйелердi сақтау және қалпына келтiру, су ресурстарының ластану тәуекелдерiн азайту, сондай-ақ төтенше жағдайлардың су нысандарына терiс әсерiн азайту жөнiндегi мiндеттемелерiн қарастырады.

Сонымен қатар Конвенцияның 25-ші, 26-шы баптарындағы түзетулерге сәйкес, бұл құжатқа БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясына мүше болып табылмайтын елдердің де қосылуы қарастырады. Яғни, құжат кез келген елдiң қосылуы үшiн ашық. «Жалпы, Конвенциядағы түзетулер Қазақстанның белгілі бір мемлекеттермен, соның ішінде Қытаймен су ресурстары бағытындағы құқықтық ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге септігін тигізеді. Ал Қытай аумағында Іле, Ертіс секілді еліміз үшін маңызды су ресурстарының айтарлықтай бөлігі орналасқанын да еске салғымыз келеді», - деді министр А. Мамытбеков.

Бүгінгі күні Конвенцияның тараптары БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясына мүше 38 мемлекет болып табылады, ал құжаттың түзетулерін соның 36-сы қабылдаған.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар