Қазақстан супер компьютерлер бәйгесіне қатыса ала ма

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада супер компьютер технологияларының жаһандық бәйгесіндегі Қазақстанның рөлі талқыланды.

Қозоғистон суперкомпьютер яратишни бошлади
Фото: habr.com

Назарбаев университеті физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ерназар Әбдікамалов қуатты есептеуіш машиналардың заманауи технологиялары ауа райын қолдан өзгертуден бастап ғаламды зерттеуге дейінгі ауқымның бәрін қамтитынын айтады.

«Супер компьютерді жаңа стратегиялық ресурс деп түсінуге болады. Қазір супер компьютер құрастыру бәйгесіндегі бәсеке өте жоғары. Әсіресе графикалық процессорлар саласында бәсеке қызып тұр. Бұл бәйгеде әзірге Nvidia, AMD компаниялары алда», - дейді ғалым.

Ал Қытайдағы супер компьютерге арналған ұлттық орталықтар түрлі ғылыми, инженерлік жобалардың есебін шығаруға бағдарланған. Жапонияның FUGAKU супер компьютері 2020 жылы әлемдегі ең жылдам компьютер ретінде мойындалған. Ол жаңа дәрілер мен экологиялық шешімдерді әзірлеуге қолданылады. Ал Финляндия супер компьютердің көмегімен шағын қаланың жылу жүйесін басқаратын жобаны сәтті жүзеге асырды. Астанаға жиналған ғалымдар Қазақстан бұл бәйгеге өз жобасын қоспаса да, осы нарықтың жеткізу тізбегіне кіруге мүмкіндігі бар екенін айтты.

«Ешбір ел өз бетімен супер компьютерді бастан-аяқ құрастыра алмайды. Қазір супер компьютер өндірісінің жаһандық тізбегінде АҚШ-тан бөлек Тайвань, Нидерланд, Германия сияқты елдер белсенді. Қазақстан да сол қатарға кіре алады. Ол үшін нақты бір бағыттарда ноу-хауды дамытып, өз өнімін ұсына алуы керек. Ол өнімнің «темір» болуы міндетті емес. Біз бағдарламамен қамтамасыз ету, есептеу тәсілдерін жасау сияқты бағыттарға ден қоя аламыз. Жалпы өзімізде супер компьютер құрастырып шығару – іске асыруға болатын шаруа», - дейді Ерназар Әбдікамалов.

Талқылауға қатысқан Гейдельберг және Бейжің университеттерінің профессоры, доктор Райнер Шпурцем қытайлық ғалымдардың АҚШ пен Жапония ғалымдарының ізімен өзінің есептеу технологияларын жасап жатқанын айтады.

Ғалымдар супер компьютерлердің энергия үнемдегіштігі негізгі орынға шыққанын да айтады.

«Мысалы, АҚШ-тың Теннеси штатындағы Frontier супер компьютері 22 мегаваттай қуат тұтынады. Бұл – мыңнан астам үйдің тұтынатын энергиясы. Әлемде деректердің көлемі күн санап артып келеді. Бізде жасалатын супер компьютерлер сол қарқынға ілісе алмай жатыр», - дейді Ерназар Әбдікамалов.

Соңғы жаңалықтар