Қазақстан Суретшілер одағы БҚО бөлімшесінің құрылғанына 20 жыл толды

ОРАЛ. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Суретшілер одағы БҚО бөлімшесінің құрылғанына 20 жыл толды. Осы қоғамдық ұйымның құрылу тарихы, бүгінгі таңдағы мақсат-қызметі, толғақты мәселелері жөнінде М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік
None
None

университетінің доценті, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Өнер» қоғамдық қорының президенті Қуандық Мәдір әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, 1977 жылы сол кездегі А.Пуш­кин атындағы пединститутта (бү­гінгі М.Өтемісов атын­дағы БҚМУ) көркемсурет-гра­фи­ка фа­куль­теті ашылды. Оның ал­ғаш­қы деканы - Төлеубай Әбіл­ұлы. Ол өңі­рдегі қазақ сурет өнеріне ұйытқы болды. Өйткені жоғарыда аталған оқуға қазақтың талантты суретші жастары түсе бастады. Олар оқу барысында және кейін де суретпен түпкілікті шұғылданды. Сонан кейін бөлім­ше ашу қажеттігі туындап, 1992 жылы 25 мамырда өңі­р­де бірінші рет сурет ісімен кәсіби шұғылданатын өнер иелерінің қоғамдық бірлестігі құрылды.

«Қазақстан Суретшілер ода­ғы­ның Батыс Қазақстан об­лыс­тық филиалы» деп атал­ған құ­ры­лым­ның бастауында Айбар Сейтімов, Қайыр Ораз­ға­лиев, Абат Тастаев, Асыл­бек Ғұбашев сықылды азаматтар тұр. Бөлім­ше мәр­те­бе­сін алу үшін көркемөнер шеберханасы да ашылды. Суретші жігіттер жеке тұлғалардан тапсырыстар да ала бастады. Шырықты өт­кен ғасырдың аяғындағы қар­жы­лық-экономикалық дағ­да­р­ыс бұ­зып кетті. Бояулар мен қыл­қа­лам, өзге де қажетті құ­рал-ас­пап­тардың бағасы аспандап шыға келді. Нә­тижесінде қылқалам шеберлері күнкөріс қамын іздеп кетті. Сөйтіп, өткен ғасырдың аяғында бөлімше тарады. Асыл­бек Алматыға кетсе, Абат елде қалды. Рас, кейін Суретшілер одағының бөлімшесі (филиал) қайта құрылғанымен, қазір қар­жы­лық жағдайы күр­де­лі. Се­б­е­бі мемлекет тарапынан қар­жы­лан­ды­рылмайды. Ахуалды айқын се­зі­не отырып, 1997 жылы «Өнер» қоғамдық қорын құруға мәж­­­бүр болдық. Алғашында өнер­дің мүсін және басқа түр­ле­рі­не ден қойғанымызбен, соңғы 5-6 жылда қоғамдық қор бейнелеу өнерін қолдауға ойыса бастады. Бұған мемлекет тарапынан қол­дау мен әлеуметтік тапсырыс­тар­ды тендер бойынша ұтып алуы­мыздың да пайдасы ұшан-теңіз.

Енді әңгіме соңғы жылдары танымал бола бастаған «Жазира Жайық» көркемсурет көрме-конкурсы жа­йын­да. Үш жыл қатары­­нан өткізілген көрменің былтыр­ғысы ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналып, халық­аралық мәр­те­бе­ге ие болды. Оған елі­міздің батысындағы төрт облыс қа­на емес, Ресейдің көршілес өңір­ле­рі­нен де шақырылған құр­метті қонақтар, қылқалам шеберлері қатысты. Бас жүлдені де ресейлік суретші Фахрикамал Махмудова жеңіп алды. Ол бүгінде саны тым аз, қазақпен түбі бір түркі ноғай ұлтынан. Негізі Қажытархан қаласынан өрбіпті. Тарихи тағдыры тамырлас ноғай жұр­ты­ның қызы бүкіл түркінің ор­тақ мақтанышы - Алтын Орда мем­ле­ке­ті туралы талай толымды суреттердің авторы екен. Бұл жо­лы да сол бағытынан таймапты.

-Ноғай бауырымыздың көр­ші­­лес Ресей мемлекетінің талай гранттарын ұтып алғанын естіп, көңіліміз сүйсініп қалды, - дейді Қуандық Мәдір, - Қазір ол кәсіптік мақсат бойынша Польшада оқып жүр. Алла бұйыртса, биыл жыл аяғында еліне оралмақ. Со­­нан кейін Фахрикамалмен ал­­дын ала келісе отырып, келесі жылдың басында Орал қа­ла­­сын­­да суреттерінің көрмесін ұйым­дастырмақ ойымыз бар. Кім-кім де тегіне тартып туады ғой. Оның әкесі Әбдірахман Қажытархан өңіріндегі күй атасы - Құрман­ға­зы бабамыздың Ал­тын­жардағы кешенінің сәу­лет­шісі болып шық­ты. Бұл аз  десеңіз, Фахрикамал да, оның әкесі де - көрші елдегі аты танымал өнер иелері. Мұның өзі бізге қазақтан гөрі сурет және мүсін өнері жөнінен әлемдік деңгейде тұрған ресейлік және орыс ше­бер­лерімен өзара тиімді, әріп­тестік қарым-қатынасқа жол ашады деп үміттенеміз. Өйт­кені көр­меге келген ресейлік қылқа­лам шеберлерінің 90 пайызы - сол ел­де­гі Суретшілер одағының мүше­ле­рі. Мүмкін, келешекте тек көрші­лес ресейлік қалалармен қатар, сол елдің астанасы Мәскеуде де отандық суретшілердің көр­м­е­­сін ұйымдастырудың сәті түсер.

Бүгінде самаралық суретшілер де батысқазақстандық қыл­қалам шеберлерін өздерін­де көрме ұйымдастыруға шақыр­ған. Оны өткізу келешектің ен­­ші­сін­­де. Бүгінде еліміздегі көр­мелерге батысқазақстандықтар белсене қаты­суда. Биыл наурыз айында ҚР тұң­ғыш Президентінің қоры ұйымдастырған жобалар жәр­­мең­кесінен жеңімпаз бо­лып оралды. Бұл көрменің бар­лық шығынын аталмыш қор қар­жы­ландырады. «Өнер» қо­ғам­дық қоры сонымен қатар жыл сайын ұйымдастырылатын әлеуметтік жобалар жәр­мең­ке­сінен де тыс қалған емес. Республика бойынша 7 аталыммен 205 жоба ұсы­ныл­ған. Екінші турға өткен 54 жоба­ның 4-еуі үздік деп танылыпты. Соның ішінде «Өнер» қорының «Жастарды рухани тәрбиелеу» атты жобасы да бар. Енді Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде Батыс Қазақстан суретшілерінің көр­месі ұйымдастырылмақ. Ол осы жылдың 30 қарашасына бе­л­гі­л­ен­ген. Айта кетерлік бір жәйт, бұған дейін ешқашан Ақ Жайық сурет­шілерінің жалпы көр­ме­сі рес­пуб­ли­ка­лық дең­гей­де өтпесе керек. Әрине, бұған дейін Мұратбек Жоламан, Сергей Бердник сықылды жеке тұлғалардың кескіндемелік жеке көрмелерінің өткені рас. Ал түгелімен өңір суретшілерінің рес­публика өнерсүйер қауымы алдында көрінуі, әрине, айрықша маңызды.

Биыл қыркүйек-қазан айларында өте­тін «Жазира Жайықтың» ке­ле­сі көрмесіне Ресей мен Ал­ма­­ты­дан ірі-ірі суретшілердің ке­луі күтіледі. 2010 жылы Батыс Қазақстан су­рет­ші­ле­рі­нің дербес альбомы кітап болып шықты.

Алматы қаласында суретшілер қоғамдық орындарда сол жерден қалаған жанның сұрауы бойынша кескіндемесін салып береді. Соңғы айларда Орал қаласы әкімдігінің рұқсатымен осындағы демалыс саябағында бір топ суретші соған кірісті. Бұл кез келген суретші үшін әрі кәсіп, әрі табыс, әрі жарнама.

Облыстағы сурет өнерінің жал­пы дамуы жөніндегі ойын түйін­дей келіп, Қ.Мәдір кескіндеме мен мүсін саласында іл­ге­рі­леу­ші­­лік барын шегелеп айтты. Әріп­тес­те­рі­нің ішінен Мэлс Отаров, Қанат Оразов, ағайынды Жәр­демов­тер­дің есімдерін ерекше атады. Қыз-келіншектердің арасынан Жанна Құлбекованың келешегінен үміт күттіретінін алға тартты.

-Бізде облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейін ашу қажет. Өйткені бі­ріншіден, мамандар жетіспейді, со­ларды тәрбиелеу орны қажет. Екін­шіден, көп жыл бойы қол­да­ныл­маған, көрмеге шы­ға­рыл­маған суреттер әр жерде шаң басып, өлі күйінде жатыр. Үшіншіден, жылма-жыл өзім еңбек ететін М.Өтемі­сов атындағы БҚМУ-дың көркемсу-
рет-графика оқуын бітірген мамандарды баулуға, үйретуге септігін тигізер еді. Мәселен, бізде тарихи суреттер салатын баталист-суретші жоққа жуық. Атақты Аңырақай шайқасын шырқатып салатын келешек суретшілер үшін біз аңсаған музейдің қажеттілігі өз-өзінен тү­сінікті. Әзірге бұл арман облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тарапынан қолдау тапты. Облыс әкімінің орынбасары  Серік Сүлеймен де жағдаяттан хабардар. Ендігі үміт алдағы күндерде, - деп қорытты ойын Қуандық Мәдір.

Соңғы жаңалықтар