Қазақстан Сүт одағы еліміздің барлық тауар өндірушілерін сүт өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға шақырады

Бұл ретте сүт өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында сала кәсіпорындарының жұмысына сапа менеджменті мен қауіпсіздік менеджментінің халықаралық жүйесін пайдалану шаралары қарастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевниковтың айтуынша, бүгінгі күні ресми статистика бойынша Қазақстандағы сүт және қышқыл сүт өнімдерінің импорттық үлесі 20 пайызды, май өнімдері 40 пайызды, сыр мен ірімшік 67 пайызды құрап отыр. «Сүт өнімдері нарығындағы бәсекелестіктің көтерілуі жағдайында елімізге импортталатын өнімдер үлесі де арта түсіп, бұл отандық тауар өндірушілердің өндірісін төмендетуге соқтыруы мүмкін. Бұның өзі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне, мал шаруашылығы мен шағын өңдеуші салалардың дамуына теріс әсер етуі ықтимал. Сондықтан да, біздің негізгі мақсатымыз отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нарықтағы олардың имиджін көтеру. Ең бастысы, бұл бағытта отандық сүт өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет», деді В. Кожевников.
Оның пайымдауынша, саладағы түйінді мәселелерді шешуде 2009 жылы қолға алынған «Таза сүт» бағдарламасының тигізер ықпалы зор. В. Кожевниковтың айтуынша, бүгінгі күні бұл бағдарлама аясындағы бастамаларға санитарлық және ветеринарлық қадағалауды жүзеге асыратын атқарушы органдардың, мекемелердің қолдауы аса қажет болып отыр.
Сонымен бірге, конференция барысында сүт өнімдерін өңдеу саласындағы проблемаларды шешу жолдары, шағын өңдеуші кәсіпорындарды ынталандыру, сондай-ақ Кедендік одақ аясында отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.