Қазақстан сыртқы саясаттағы байсалды ұстанымы арқылы халықаралық қауымдастықтың маңызды ойыншысына айналды - Түркия Президенті Абдолла Гүл
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Түркияның негізін қалаушы ұлы Ататүрік Республиканың құрылғанына он жыл толғанда 1933 жылы қазанның 29-ында сөйлеген сөзінде былай деді : «Бүгін Кеңес одағы біздің досымыз, одақтасымыз. Алайда, ертең не боларын ешкім кесіп айта алмайды. Дүние жаңа тепе-теңдікке ұласуы мүмкін. Міне, сол кезде Түркия не істеу керектігін білуі тиіс. Досымыздың қол астында тілі, діні, тегі бір бауырларымыз бар. Оларға қол ұшын созуға дайын болуымыз керек. Әзір болу сол күнді үнсіз күту емес. Дайындалған жөн. Халықтар бұған рухани көпірлерді сақтай отырып әзірленеді. Бұнда тіл - бір көпір, сенім - бір көпір, тарих - бір көпір. Тамыр-тегімізге оралып, сан қилы оқиғалар мен сөгілген тарихымызды түгендеуге тиіспіз». Ататүріктің осы мағыналы сөздері бізге қалдырылған өсиет. Осы бағытта түбі бір тарих, мәдениет, тіл және сезім негізінде құрылған көпірлерді одан әрі нығайту бауырлас халықтар мен келешек ұрпақтар алдындағы ортақ міндетіміз бен жауапкершілігіміз болып табылады», деді А. Гүл.
Сонымен бірге, Түркия басшысы қазақ пен түрік халықтары арасында бір бірінен ажырап қалған ұзақ жылдарға қарамастан, әлі күнге екі елдің арман-тілектері бір болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркия тарапы Қазақстанның Тәуелсіздік алған күнінен бастап барлық салалар бойынша алға басқан шешімді қадамдарын үлкен мақтанышпен бақылауда. «Бұндай қадамдардың ар жағында Қазақстанның тарихи тәжірибесі, түрлі мәдениеттің басын қосып отырған толеранттық қасиет, көреген көсбасшы мен басшылықтың адами және табиғи байланыстарды саналы және тиімді пайдалануы жатыр. Бұндай байсалды ұстаным Қазақстанның сыртқы саясатында да көрініс тапты әрі Қазақстан халықаралық қауымдастықтың маңызды ойыншысына айналды», деді А. Гүл.