Қазақстан таеквондодан әлем чемпионатын өткізуге дайын – Құдырет Шәмиев

АСТАНА. KAZINFORM - Отандық WT таеквондо федерациясының президенті Құдырет Шәмиев Қазақстан таеквондодан 2027 жылғы әлем чемпионатын қабылдауға дайын екенін айтты. Бұл туралы ол ұлттық құраманың бірлескен жиынында журналистерге берген сұхбатында атап өтті.

Қазақстан таеквондодан әлем чемпионатын өткізуге дайын – Құдырет Шәмиев
Фото: Таеквандо федерациясының баспасөз қызметі

- 2014 жылдан бері Қазақстанда таеквондодан әлемдік жарыстар өткен жоқ. Бірінші кезекте, бұл біздің оқшауланып қалғанымызды білдіреді. Спорт бар жерде саясат та бар. Сол саясат шеңберінен тым алыстамауымыз керек. Сондықтан, біз өз елімізде World Taekwondo аясында өткізілетін ірі жарыстарды қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Атап айтар болсақ, тамыз айында Kazakhstan Open турнирін жоғары дәрежеде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бәсекеге әлемдік таеквондодағы беделді тұлғалар мен чемпиондар шақырылады, - деді таеквондо федерациясының президенті Құдырет Шәмиев. 

Сондай-ақ, ол 2026 жылы таеквондодан Гран-при турнирін, ал 2027 жылы таеквондодан әлем чемпионатын өткізуге үміткер атанып отырғанын да жасырмады. 

- 2026 жылы таеквондодан Гран-при турнирін, ал 2027 жылы таеквондодан әлем чемпионатын өткізуге күш салып жатырмыз. Қазіргі таңда біз осы жарыстарға қатысты құжаттарды түгел дайындап, әлемдік ұйымға жібердік. Елімізде таеквондоға деген қызығушылықтың жоғары екенін өзіміз көрсетпесек, әлемдік ұйымнан бізге деген көзқарасты сұрап алу қиын. Олармен байланыста болып, әртүрлі келіп жатқан өзгерістер, жаңашылдықтар, бағдарламалардан хабардар болуымыз керек, - деді Құдырет Шәмиев.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Таеквондо федерациясының президенті Федерацияның құрамы толықтай өзгергенін айтып берген еді.

Соңғы жаңалықтар