18:37, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан таңдаған девальвация стратегиясы басымдыққа ие ? шетелдік БАҚ
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат - Қазақстандық теңгені девальвациялау мәселесіне қаржы-экономика саласына бейімделген бірқатар украиналық және ресейлік интернет басылымдар айрықша мән беріп, оның себеп-салдарларын анықтауда экономист-сарапшыларға жүгініпті.

ҚазАқпарат осы жарияланымдарға қысқаша шолуды ұсынады. Бүгінде теңгенің құнсыздануына қатысты басы ашық бір жайт бар, ол ? девальвациясының экономика үшін тиімді жағдайда жасалғаны. Мысалы, Перспективалық зерттеулер орталығының экономикалық мәселелер жөніндегі сарапшысы Александ Жолудь podii.com.ua және news.finance.ua сайттарына ҚР ұлттық банкінің теңгені құнсыздандыру турасындағы мәлімдемесіне қатысты мынадай түсініктеме береді: «Теңге жыл бойына біртіндеп арзандады. Ал желтоқсанда гривна қатты құнсыздануға ұшырағанда және осындай қадамға Беларус пен Ресей де барған кезде, Астана ұтылыс жағдайында қалды. Бұл жерде теңгенің айрықша сипаты да оның біртіндеп төмендеуінде. Мемлекеттің экономиканы жоғары деңгейде бақылауы есебінен билік оны (құнсыздануды ? ҚазАқпарат) бір сәтте өткізді және бақылауда қалдырды». Ұлттық банктің қадамына осындай баға бере отырып, сарапшы оның себебін отандық тауар өндірушілердің бәсекелік қабілетін қамтамасыз ету қажеттігімен және мұнай бағасының түсуімен түсіндіреді. Бұл Қазақстанға келетін валюта ағымын азайтты, сонымен бір мезгілде халық тарапынан валютаға ішкі сұранысты арттырғанын алға тартқан А. Жолудь: Теңге девальвациясы күтілген және болжанған, сондықтан күтпеген жерден ештеңе болған жоқ. Олар ( Қазақстанды айтады ? ҚазАқпарат) бір сәттік девальвация стратегиясын таңдады, ал ол резервті қатты әлсірететін ресейлік нұсқаның жанында басымдыққа ие» деп тұжырады.
Теңге девальвациясы күтілген қадам екенін «БТА-Украина» банкінің қазынашылық бастығы Павел Козак та қуаттай отырып, бұл шара беларустық нұсқаны еске салатынын айтады. «Теңге девальвациясы болжанды. ТМД елдерінің барлық валюталары соңғы кездері осы сатыдан өтті, тек Қазақстанның Ұлттық банкі ғана оны тежеп келді. Оның айырмашылығы ? бір сәттілігінде. Бұл Ұлттық банкке бұдан әрі теңгені қолдау үшін резервті шығындамауына мүмкіндік береді. Девальвация деңгейі көптеген факторларға, бірінші кезекте ішкі ықпалдарға тәуелді» дейді жоғарыда аталған сайтқа берген түсініктемесінде П. Козак. Ал rosinvest.com сайты ресейлік сарапшылардың теңге девальвациясын қисынды қадам деп есептейтінін жазды. Мысал ретінде бұл сайт «Тройка Диалог» инвестициялық компаниясының бас экономисі Евгений Гавриленконың пікірін алға тартыпты. Ол Қазақстан мен Ресей экономикасы тығыз байланысты екенін айта келе, Қазақстан мен Ресейде де девальвация сыртқы ықпалдың туындағанын, атап айтқанда, экспорттық өнім бағасының төмендеуінен болғанын айтады. «Бұл төлем теңгерімін қысымға ұшыратты және сыртқы қарыздар төлемімен бірге Ресейдің де, Қазақстанның да валюта нарығындағы ахуалды ушықтырды. Сондықтан бұл жерде мейілінше әлсіз ұлттық валюта (рубль, теңге) төлем теңгерімін жақсартуға мүмкіндік беруі тиіс» дейді.
Аталған интернет басылым А. Гавриленконың пікірін Жаһандасу проблемалары инстиутының ғылым жетекшісі Михайл Делягин де қостағанын жазады. Ол 2009 жылдың қаңтар айының ортасында Ресей рублінің құнсыздануы 30 пайызға дейін жеткенін, бірақ артынан тұрақталғанын еске алады және қазақ теңгесінің құнсыздануы да күтілгенін айтып отыр.