Қазақстан тарихына арналған жаңа жеті томдықта не қамтылған

АСТАНА. KAZINFORM - «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» атты 7 томдық академиялық басылымы әзірленіп жатыр. Басылымда археология, этнология және басқа да ғылымдардың соңғы деректері, ел тарихының әр кезеңі қамтылған.

 Қазақстан тарихына арналған жаңа жеті томдықта не қамтылған
Коллаж: Kazinform

Басылымды кімдер дайындап жатыр ?

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жобаға бастапқыда 300 маман тартылған. Кейін олардың құрамы өзгерген. Бірқатар автор тарапынан басылым мазмұнының сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс берілген. Заманауи талаптарға сай келмейтін кейбір тармақтар том құрылымынан алынып тасталды.

Қазір 289 ғалым академиялық басылымды дайындаумен айналысып жатыр. Оның ішінде Қазақстаннан 227 ғалым, Жапония, Түркия, АҚШ, Ресей, Болгария, Италия, Австралия, Өзбекстан және басқа елдерден 62 зерттеуші бар. Жобаны дайындауға тек тарихшылар ғана емес, этнографтар, саясаттанушылар, заңгерлер, әлеуметтанушылар, антропологтар, генетиктер мен басқа саланың мамандары тартылған.

Сондайа-ақ жеті томдық кітапты әзірлеуге Қазақстанның жетекші ғылыми-зерттеу институттары қатысып отыр. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Жошы Ұлысын зерттеу институты, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Мемлекет тарихы институты.

Жеті томдық кітапта не қамтылған ?

Академиялық басылымның әр томында Қазақстан тарихындағы маңызды кезең қамтылып отыр.

* I том – Қазақстанның ежелгі тарихы – Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты дайындаған.

• II том – Түркі дәуіріндегі Қазақстан (VI-XII ғасырлар) – Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты әзірлеген.

• ІІІ том – Жошы Ұлысының (Алтын Орда) тарихы – Жошы Ұлысын зерттеу институты дайындаған.

* IV том – Қазақ хандығының тарихы (XV-XVIII ғасырдың басы) – Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жасаған.

• V том – Жаңа заман – Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты әзірлеген.

• VI том – Кеңестік кезеңдегі Қазақстан (1917–1991 жылдар) – Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты әзірлеген.

• VII том – Тәуелсіз Қазақстан тарихы – Мемлекет тарихы институты дайындаған.

– Басылымда соңғы тарихи-этнологиялық зерттеулер мен археологиялық қазбалар барысында алынған жаңартылған мәліметтер қамтылады. Алғаш рет ғылыми айналымға отандық және шетелдік мұрағаттардан бұрын қол жетпеген құжаттар енгізілді. Заманауи әдістемелік тәсілдер қолданылды. Қазіргі заманғы ғылыми тенденцияларды ескере отырып, Қазақстан тарихы жаһандық контексте кеңірек қарастырылды, - деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Мектеп бағдарламасында жаңа «Қазақстан тарихы» пәні бола ма?

Хабарланғандай, жеті томдық кітап мектептегі білім беру бағдарламасына бастапқы қалпында енгізілмейді. Мұның мынадай себебі бар.

– Бұл басылым академиялық бағытта және Қазақстан тарихы бойынша қосымша дереккөз ретінде ұсынылады. Соның негізінде Оқу-ағарту министрлігі академиялық басылымның мазмұнын оқушылардың жас және психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, білім беру стандарттары мен оқу үдерісінің талаптарына бейімдеуді жоспарлап отыр, - делінген ведомствоның жауабында.

Жеті томдық кітап қашан шығады ?

Қазір аталған басылым ғылыми және әдеби рецензиялау сатысынан өткізіліп жатыр. Барлық техникалық жұмыстар (жобалау, иллюстрациялау, ғылыми-анықтамалық аппараттар және т.б.) аяқталғаннан кейін басуға жіберіледі. Баспа даналары Қазақстанның барлық облыстық кітапханаларына жіберілетіні хабарланып отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Оқу-ағарту министрлігі жаңа стандартқа сәйкес Қазақстан мектептеріне «әлем әдебиеті» пәні енгізіле ме деген сауалға жауап берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар